Мазмұнға өту
· 23 қаралым

Жолдау түйіні: тексеріс азайып, табыс өсе ме?

Анадолы еліне ат басын бұрмас бұрын, яғни осы күні түске дейін Президентіміз Қазақстан халқына Жолдау жасап үлгерді. «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» аталған биылғы құжаттың жөні бөлек. Елдің әлеуметтік һәм экономикалық дамуына серпін беру мен инфрақұрылымды жаппай жаңғырту бағытындағы Жолдаудың ішінде кәсіпкерліктің жүгін жеңілдетіп, жалақының артуына жол ашатын тетіктер қамтылған. Бизнес сегментін кейде сергелдеңге салатын салық жүйесі мен қарашаның қым-қуыт тірлігін тірілтетін «мен мұндалаған» энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де сөз болып, жауапты министрліктердің мойнына біраз жұмыс жүктелді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Жолдаудағы экономикалық міндеттер бір-бірімен тығыз сабақтас. Кәсіпкерлікке қойылатын кедергілер азайса, өндіріс пен қызмет көрсету саласының дамуына жол ашылады. Салық жүйесі түсінікті әрі тұрақты болса, бизнестің инвестиция салуға деген ынтасы артады. Ал ең төменгі жалақының өсуі халықтың тұрмыс деңгейіне нақты әсер етуі үшін инфляцияны тежеу де маңызды. Ендеше, осы бағыттардың кәсіпкер мен қарапайым азаматтың өміріне ықпалын саралап көрейік.

Микробизнес – ауылда да, қалада да өз еңбегімен күн көріп отырған азаматтардың кәсібі. Бірі үйінде өнім жасайды, енді бірі шағын саудамен айналысады. Мұндай кәсіпті дамыту үшін күнделікті жұмысқа кедергі келтіретін артық тексерістер болмауы керек. Кәсіпкерлер мораторийді қайта енгізу бастамасын қуана құптап отыр.

ӘЛІМХАН МҰСА, КӘСІПКЕР:

Баршаның ойы, жеке кәсіпкерлердің ойы өте жақсы: өте үлкен көмек, әрі қарай дамып кетуге мүмкіндік. Қай жағынан? Күтпеген тексерістер жағынан болсын, салық жағынан болсын. Осының арқасында шағын бизнес ортаға, орта бизнес үлкен бизнеске өтеді. Кәсіп ашуды ойлап жүргендер осы сәтті пайдаланса, жақсы ғой.

Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Жолдауда бизнестің қалыпты жұмыс істеуіне, еркін тыныстауына толық мүмкіндік беру керектігі баса айтылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Іскерлік белсенділікті талдау бизнестің дамуына кедергі келтірмей, оның еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жеткілікті екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер үшін тұрақты «ойын ережелерін» қалыптастыру аса маңызды. Мемлекеттік бақылау салыстырмалы түрде либералды болғанымен, айыппұлдар салу, жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы мемлекет кәсіпорындардың қызметіне ықпал етуін жалғастырып отыр.

Расында, тексеруді тоқтата тұру бизнесті кеңейтуге серпін береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім мемлекеттік органдардың түртпектеуін азайтып, бизнес иелерінің табысын арттыруға жол ашады.

АЙТУАР ҚОШМАМБЕТОВ, САЯСАТКЕР:

Негізі, бизнестің өзі де бұрыннан бері айтып жүр: бізге көп кедергі керек емес. Осы бар заңмен, бар талаппен біз ұзақ жылдар бойы істей аламыз, бізге әйтеуір кедергі болмаса болды. Негізі, ең басты ой осы мораторийді үш жылға беріп, тексеруді тоқтата тұру емес, үш жылдан кейін жаңа жүйеге көшу. Жаңа жүйе дегеніміз – бұл жоспарлы тексеруді алып тастау.

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Мораторий негізі кәсіпкерге әкімшілік тексеруге алаңдамауға, өзінің ресурсын босатуға мүмкіндік береді. Алаңдамай өзінің жұмысын істей береді. Қайта-қайта тексеріс келмей, есесіне өзінің бизнесін жақсылап түзіп, салығын төлей алады.

Бизнесті тексеруден бөлек, салық жүктемесі де басты назарда. Жаңа Салық кодексінің кейбір талаптары кәсіпкерлерге ауыр тиіп отыр. Президент бұл заңды «қасиетті жазба емес» деп, Үкіметке оны шұғыл қайта қарауды міндеттеді.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде қазір әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік салықтар бар. Оның жеті түрі бар. Шағын бизнес тұрғысынан қарайтын болсақ, оны әкімшілендіру үшін арнайы бухгалтер алу керек, арнайы юрист алу керек. Бұның барлығын бір төлемге және бір пайызға жеткізіп келтіру керек.

Салық жеңілдесе, кәсіпкердің табысы артады. Ал табыс артса, қарапайым жұмысшының да жағдайы жақсарады. Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты мақсат – халықтың табысын ұлғайту екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту.

Табысты ұлғайтудың нақты бір қадамы – ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл шешімнің арқасында 1 миллион 800 мың отандасымыздың табысы өседі. Әсіресе бюджеттен айлық алатын мамандар үшін бұл үлкен демеу.

НИКИТА ШАТАЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Негізі, бұл мәселе еңбекақысы бюджетке тәуелді қызметкерлерге қатысты. Өйткені олардың айлығы ең төменгі жалақы мөлшерінде есептеледі. Бұл тізімде мектептер мен ауруханалардағы еден жуушылар, қызмет көрсетуші персонал және басқа да жұмысшылар бар. Ең алдымен, бұл солардың әл-ауқатына жағымды әсер етеді.

Алайда ең төменгі жалақы – барша жұрт 110 мыңмен өмір сүруі керек деген сөз емес. Бұл экономикалық базалық көрсеткіш қана. Оның үстіне, жалақы қанша өскенімен, инфляция қысса, одан келер пайда шамалы.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Енді біз бұл жерде, біріншіден, экономикалық көрсеткіш ретінде қарауымыз керек. Келесі мәселе: Президент Жолдауының басында инфляцияны тежеңдер, инфляцияны ауыздықтаңдар деді. Өйткені жоспарлы қосылып жатқан ақшалардың құнын инфляция жеп қойып жатыр. Қымбатшылық қосылып жатқан ақшалардың деңгейін түсіріп тастап жатыр.

Сондықтан Мемлекет басшысы тұрмысты тежейтін осы түйткілмен жүйелі түрде күресу қажеттігін ескертіп, Ұлттық банк пен Үкіметке қатаң тапсырма берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сипаттап айтар болсақ, инфляция – азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіретін үнсіз жау. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.

Қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмау үшін қоғамда әділдік орнауы тиіс. Салық саясатындағы тағы бір жаңалық – дәулетті адамдарға салынатын салық мөлшерін арттыру. Яғни, қымбат мүлік пен көлік иелері қазынаға көбірек қаржы құюы тиіс.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Егер ол қымбат көлік немесе қымбат жылжымайтын мүлік болса, соның және экономика класының айырмашылығы болу керек. Өйткені оның нарықтық құны да басқа, жалға беру құны да басқа. Нарықтық құны басқа болғандықтан, оның салығы да бөлек болу керек.

Дегенмен әр азамат ел дамуына шамасына сай әрі әділ үлес қосуы қажет. Заңды жолмен тапқан дүние-мүлікке ешқандай шектеу жоқ. Бастысы, салық жүйесі ашық әрі толық цифрланған болуы міндетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Салық салудағы әділдік ашықтықты талап етеді. Демек, салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Салық жинау тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, озық технологияларды пайдалану керек.

Түйіндей келгенде, Жолдаудағы экономикалық бастамалардың ортақ мақсаты – қоғамдық теңгерім мен әділдікті сақтау. Кәсіпкерлер негізсіз тексерістерден арылып, салық жүйесі оңтайланса, нақты өндіріс дамиды. Ал халықтың өскен табысын инфляция жұтып қоймауы үшін нақты әрі шұғыл қадамдар қажет. Ең бастысы – салық ауыртпалығы қарапайым жұмысшыға емес, шамасы жететін дәулетті топқа көбірек түсуі тиіс. Тек сонда ғана экономикалық өсім қағаз жүзінде қалмай, оны әрбір қазақстандық азамат анық сезетін болады.

← Барлық жаңалықтар