Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Елдегі жолдардың 95%-ы жаңарады

Шұрық-тесік жолдардан зәрезап жүргізушілердің тақтайдай тегіс трассамен жүйткитін күні алыс емес. Үкімет жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 95%-ын жаңартамыз деп уәде беріп отыр. Бұл туралы Президент Жолдауын іске асыруға арналған баспасөз жиынында Премьер-министрдің бірінші орынбасары мәлімдеді. Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, биыл 11 мың шақырымнан астам жол қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Демек, бұл салаға қыруар қаржы құйылып, ауқымды жұмыстар қолға алынған. Үкімет мүшесінің сөзінен аңғарғанымыз, енді құрылыс қарқыны артып, межеленген міндеттер толық орындалуы тиіс.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жылдың соңына дейін «Рахман қайнары», «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолдары ашылады. Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін бірқатар жаңа жобалар жоспарланды. Транзиттік автомобиль жолдарын дамыту аясында «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағыттарында, Сарыағаш қаласының айналма жолында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары басталды.

Естеріңізде болар, Президент Жолдауда жолдардың сапасыздығын сынға алған еді. Бұған дейін де бірнеше мәрте көтеріп, жауаптыларға қатаң ескерту жасады. Өйткені миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, кейбір жерлер көңілден шықпайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жол саласын реформалау жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Енді бұл саладағы әрбір істің барысы жіті бақылауда болмақ.

ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Автожол саласына қатысты айтылған сын-ескертпелер мен фактілерді толық мойындаймыз. Жұмыс тобы аясында карьерлерді анықтау мерзімінің тым ұзақтығы, құрылысқа техникалық қадағалау жүргізу сапасы сияқты мәселелер анықталды. Жұмыс тобы аясында тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр.

← Барлық жаңалықтар