Жайылымнан жұрдай қалған жұрт жыларман күйде. Ақмола облысына қарасты ауылдағы ағайын карьер жұмысына ашуланып, азар да безер болып отыр. Өйткені қазба жұмыстарының кесірінен жұтқан ауасы шаң-тозаңға толып, қатынайтын жолы лай жол, батпақ кешуге айналған. Сағызша созылған соттың шешімін күтіп шаршаған қараша қорадағы малға азықты қайдан тауып берерін білмей дал.
Қаражарда қазылған карьерге қараша қарсы, өйткені шабындық жер жекенің қолына өтіп кеткен. Салдарынан шөптен таршылық көрген жұрт малын асырап баға алмай қиналып жүр. Тіпті төрт түлік ішетін тіршілік нәрін кәсіпкерлер құбыр арқылы тартып, көлдің таяздануына да әсер етіп жатыр екен.
ҚАЗАҚСТАН БАЛТИНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Шешілмей жатқан даулы бір мәселе: ауылымыз мал ұстайды. Малдың барлық түрі бар, түйеден басқасының бәрі бар. Сол мал жайылатын жерімізді карьер қазып, міне осы жерден 2 карьер тұр, ауылдан 300 метр жерде сол карьердің кесірінен мына көліміздің суына дейін тартылып кетті. Судың бәрі карьерге кетті.
Жаздай жайылымнан таршылық көрген малдың бәрі қазір арықтап кеткен. Ал жем-шөптің бағасы аспандағы айды сұрайды дейді халық.
АЛМА БОКИШЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Менде біраз мал болған, мен енді малдың бәрінің көзін құрттым қазір, сөздің шыны керек. Мал ұстамаймын. Қазір қой ғана ұстаймын шамалап. Өзім бала-шағам үшін. Енді қазір малдың жайылымдық жері жоқ. Қалай сатпаймын? Шөп қымбаттап жатыр, бидай қымбаттап жатыр.
Түйіні тарқамаған тағы бір мәселе – карьерден құм таситын ауыр техникалар ауыл ішіндегі жолдың астаң-кестеңін шығарыпты. 8 тоннаға дейін рұқсат етілген трассамен 40 тонналап топырақ тасыған камаздар елді мекендегі инфрақұрылымды құртып біткен көрінеді.
ЖАСҰЛАН ТӨЛЕГЕН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Енді мына карьер ашқалы, шаң, топырақ, дыбыс, сосын түнімен бұлар қазбалайды. Түнімен қазбалайды, түнімен тасиды. Түнде дыбыс тез келеді. Үйдің ішіне дыбыс естіліп тұрады. Сосын бұл шаң далаға машина жуып қоясың, кіріңді жайып қоясың ба, шаң топырақ басып тастайды. Жел болса жетіп келеді. Сосын бұлар деген салмағы үлкен өте ауыр машиналар ғой енді, 40 тонна көтеретін. Мысалы, бұлар ауылдың ішінің жолын езіп тастаған.
Ауыл әкімі бұл мәселенің барын жасырмады. Карьер жұмысына қатысты аудан басшылығы қазір соттасып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, 2020 жылы ковидтен қорқып оқшауланған елдің келісімін, кәсіпкерлер жұмысын бастауы үшін небәрі 7 адамның қолын қойдырып алыпты. Енді екі мың халқы бар ауыл бұл шешімді қайта талқыға салайық десе, карьер иелері көнбей отырғанға ұқсайды.
НҰРДАУЛЕТ ТАШМАТОВ, ҚАРАЖАР АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бізде Қаражар ауылындағы мал басына есептелінген аумақ бойынша бізде 2907 гектар жер керек бізге. Сонда жетіспеушілік 2670 гектарды құрап отыр. Яғни, мал жайылым жерінің жетіспеушілігі бары анық. Карьер мәселесі бойынша халық тарапынан наразылықтар бар, қазіргі таңда соттың шешімі шықты сол карьерлерге байланысты, бірақ, өкінішке орай, соттың шешіміне пікір білдіре алмаймын.
Тірлігі төрт түлікпен біте қайнасқан қаражарлықтар қазір қайда барып кімнен көмек сұрарын білмей дал. Бұқара сот процесі созылған сайын, карьер қазылған сайын ауылда мал қалмай ма деп қорқуда. Жеделтетіп шешпесе, ішетін сүт пен жейтін етті түсімізде көреміз деп қамықты.