Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Ақтөбенің ерлеріне не болған?

Ақтөбедегі ағайыннан маза қашты. Қалада айналдырған бес күннің ішінде екі бірдей кісі өлімі тіркелді. Кеше түнде тағы бір келіншекті ер адам буындырып өлтірген. Қаскөйді 26 жастағы әйелдің шырылдаған жалғыз қызының обалы да ойландырмаған. Шаһардағыларды шошытқан қанды оқиғалар неге жиіледі? Күдікті кім?

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Марқұм келіншек пен 31 жастағы ер адам ажырасып кеткен. Орталарында бір қызы бар. Балабақша жасындағы бүлдіршін келіншектің қолында болған. Көрші-қолаң кеше түнде не кикілжің болғанынан хабарсызбыз деді. Бар білетіндері – түнгі сағат онның шамасында аулада полиция көліктері толып кеткен. Полиция департаменті жуан жұдырықты еркектің әйелін буындырып өлтіруіне екеуінің арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болғанын айтты.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан орын алған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте бұған дейін полицияға аталған тұлғалардың арасында тұрмыстық жанжалдар болғаны туралы ешбір арыз-шағым мен хабарламалар түспеген.

Көп ұзамай полицейлер күдіктіні қамауға алды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. «Адам өлімі» бабымен тергеу жүріп жатыр.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Айдың-күннің аманында жақынынан айырылған ағайыны қайғыдан қан жұтып отыр. Бұрынғы күйеу балалары заң алдында қатаң жаза арқалағанын қалайды.

ЖАНАР ҚОЖАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Сіңлімнен айырылып отырмын, туған ағамның қызы, жалғыз қызы, әлпештеп отырған жалғыз қызы. Осылай қанішер адамның қолынан қаза тапты. Осыдан 4 жыл бұрын бас қосты екеуі, қосылған күннен отбасылары дұрыс болған жоқ. Тұрмыстық жанжал өте көп болды. Сіңліме қолын көтерді бірнеше рет. Соңында осыдан екі-үш жыл бұрын екеуі ажырасты. Аға-жеңгем көріп отырып, қызы біреудің қолынан қаза таппасын деп ажырасып кеткен қыз ғой. Ажырасса да 2-3 жыл соңынан қалмай жүрді. Мұндай қанішерге кешірім жоқ, кешірім болмау да керек.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбеліктердің үрейленетіндей жөні бар. Экс-күйеулердің аяусыз әрекеті жұртты шошытты. Осыдан үш күн бұрын тағы бір келіншек көз жұмған болатын. Азаматтық некедегі күйеуі оны неке сарайында пышақтап өлтірді. Ол келіншектің артында төрт бірдей баласы қалды.

← Барлық жаңалықтар