«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегенге сеніп, заңды белден басқандар опық жеп қалды. Абай облысының Жарма ауданында рұқсатсыз кен өндіріп, жер қойнауын бүлдірген топтың жолы кесілді. Пысықайлар Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде бағалы металдың ошағын тапқан. Осылайша алтынды ашық әдіспен қазып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған көрінеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталған. Өндірілген тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асады.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген. Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды. Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.