Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ

Жылусыз қалған тұрғындар Үкіметке шағымданды

Бір айдың ішінде елдегі ескі газ баллондары түгел жаңартылуға тиіс. Үкімет отырысында Олжас Бектенов жауапты министрлікке жарты ғасырдан бері қолданыста жүрген 350 мыңға жуық баллонды ауыстыруды қатаң тапсырды. Әлеуметтік осал топтағы жандарға тиесілі тұрғын үйлердің тізімі жаңартылады. Үкімет басшысы бұл санаттағылар тұратын баспаналардың қауіпсіздігіне алаңдап, жаңа амалын қарастырыпты. Бұдан бөлек, жылыту маусымына дайындықты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған өңір әкімдері сын садағына ілінді. Қай өңірдің басшылары Бектеновтен сөз естіді?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Жарықсыз, жылусыз қалған аймақтардың тұрғындары Үкіметке шағымданды. Олжас Бектенов Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларында жағдай мәз еместігін қатаң атап өтті. Оның айтуынша, жаз бойы жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермей тұр. Осыған байланысты Премьер-министр өңір басшыларына халықтың бұл мәселесін шұғыл түрде шешуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет. Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс. Жылыту маусымында халықты тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік нысандарды ерекше назарда ұстаңыздар.

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жекелеген өңірлерде жылуға қатысты мәселе барын жасырмады. Дегенмен жауаптылар қол қусырып отырған жоқ екен. Жүйелі жұмыстың арқасында жарты ғасырдан бері қолданыста болған жылу құбырлары жаңартылыпты. Бірнеше қалада тозығы жеткен магистральдарға күрделі жөндеу жүргізілген. Мәселен, Степногорскте 53 жыл бұрын тартылған 9 шақырымнан аса жылу желісі толық реконструкцияланған.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81% құрайтын, диаметрі 1020 мм жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резервті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жылу электр орталықтарының жайы да Үкіметтің басты назарында. Бүгінде Теміртау, Тараз, Семей, Орал және Ақтаудағы осындай бес ТЭЦ «қызыл аймақта» екен. Дегенмен келесі жылы олардың бәрі жаңғыртылып, бұл аймақтан шығарылады. Жиында өрт қауіпсіздігі де сөз болды. Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов тамыз айынан бері үйлерге 13 мыңнан астам датчик орнатылғанын айтты. Сондай-ақ жеке тұрғын үй мен қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын пайдалану талаптары қатаң бақылануда екен.

МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллондарын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Қосымша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау және Алматы қалаларында композиттік баллондар өндірісін іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл олардың айналымы мен техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ескірген газ баллондарын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және оларды жаңасына ауыстыру тетігін әзірлеу мәселесі шешімін табуды талап етеді.

Газ баллондарына қатысты шетін мәселе көп. Бектеновтің дерегінше, қазіргі таңда 350 мыңға жуық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді екен. Оларды бір айдың ішінде шұғыл ауыстыру керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмыстарын жолға қою керек. Бүгінгі күнге дейін тұрмыстық баллондарды айналымнан алып, кәдеге жарату тәртібі реттелмеген. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Жиын соңында Үкімет басшысы әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі шарасын қараша айының соңына дейін жалғастыруы қажет екенін айтты. Олжас Бектенов бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды – жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алу керек деді.

← Барлық жаңалықтар