Алматыда экс-шенділерге қатысты даулы іске нүкте қойылды. Сот ведомство мен Бірінші кредиттік бюроға қарасты еңбек ресурстары орталығы арасындағы шым-шытырық оқиғаны зерделеп бітті. Нәтижесінде фемида өкілдері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовқа үкім шығарды. Бұрынғы мемлекеттік қызметкер енді өмірінің 4 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Сондай-ақ, бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров пен орталықтың бұрынғы жетекшісі Дәулет Арғандықов та жазадан сытылып кете алмады. Олар 7,5 жылға кесілді. Сондай-ақ, орталықтың іске қатысы бар тағы екі қызметкері 3 жылдан жаза арқалады. Алайда сотталушылар рақымшылыққа ілініп, жазалары екі жылға дейін қысқартылды. Еске сала кетейін, тергеушілер 2020 жылдың желтоқсанында қос ұйым арасындағы келіссөздерді Бірінші кредиттік бюроның пайдасына шешкен екен. Нәтижесінде компанияның табысы 30-дан 35%-ға дейін ұлғайған. Ал соның салдарынан 2021-2025 жылдары министрлік 2 млрд теңгеден қағылыпты. Айыпталушылардың өткен жылдың маусымында қолына кісен салынды. Олар 75 мың доллар көлемінде ауызбастырық беріп жатқан сәтте ұсталған. Сот осы қаржыны мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім шығарды. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.