Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Бес жыл бітпеген құрылыс

Таразда ерекше балалардың оңалуына мүмкіндік беретін маңызды жоба аяқсыз қалды. Жыл он екі ай қызмет көрсетуі тиіс иппотерапия манежінің құрылысы бес жылдан бері тұралап тұр. Бар болғаны бір жылда пайдалануға берілуі керек болған алып нысан бүгінде қаңырап бос қалған. Демеушілердің есебінен басталған істі әкімдік неге аяқтай алмай отыр?

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Бір кездері үлкен үмітпен басталған жоба бүгінде ұмыт қалғанға ұқсайды. Өйткені қаладағы иппотерапия манежінің құрылысы бес жылдан бері тоқтап тұр. Салдарынан алып аумақты арам шөп басып, қабырғадағы электр сымдары салбырап қалған.

Әлеуметтік жоба 2021 жылы демеушілер есебінен қолға алынған еді. Тіпті жыл соңына дейін аяқталуы керек болған. Бастапқыда қарқын алған құрылыстың кейінгі жұмысы сұйылып, шатыр жабылмай, қабырғалары ғана қаңырап қалды. Мұны қоғам белсендісі берілген уәденің орындалмауы деп есептейді.

ИСЛАМБЕК ДАСТАН, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Соған міндеттелген. Соны жасап соңына дейін жеткізіп, пайдалануға берем деген кәсіпкерлердің уәдесі желге ұшты деп мен ойлаймын. Табыс табу үшін емес, бұл дене мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңтайландырып, оңалту үшін жасалған үлкен жұмыстың шеті болатын еді.

Жергілікті биліктің мәліметінше, иппотерапия орталығы қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалыпты. Енді қайта сметасын жасап, облысқа сұрау салмақшы. Тиісті қаржы бөлінсе, әкімдік құрылысты келер жылы бастамақ ниетте.

ДАМИР ЖАМАНБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді қаржы тапшылығына байланысты біз облыстық бюджетке ұсынғанбыз. Бірақ қолдау таппай тұр. Бірақ бұдан да басқа да бізде қалада үлкен-үлкен жобаларымыз бар. Олардың өзіне қаражат бөліп, артылып жатқан қаражат болса, осының құрылысын бастауға жоспарға қойып жатқанбыз.

Бүгінде өңірде 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олардың бірқатары қаладағы басқа оңалту орталығында ем қабылдайды. Алайда иппотерапия шаралары тек көктем мен күз мезгілінде ғана жүргізіледі. Манеж құрылысы келер жылы аяқталса, ем алушылар жыл он екі ай бойы атқа мініп, оңалту шараларына қатысуға мүмкіндік алмақ.

← Барлық жаңалықтар