Елімізде студенттерге көрсетілетін қолдау көбейіп келеді. Соңғы жеті жылда 755 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, ол үшін 1,5 триллион теңгеден астам қаржы бағытталған. Шәкіртақы көлемі де бірнеше есе өсті. Әлеуметтік осал топтағы жастар мен жетім балалар да назардан тыс қалған жоқ. Кейінгі үш жылда олардың жатақхана ақысы өтеліп, шәкіртақысына қосымша үстемеақы қосылған.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
«Серпін» бағдарламасын іске асыру тетіктері де жаңартылды. Былтыр бағдарлама бойынша бөлінген гранттарды игеру көрсеткіші алғаш рет 80%-дан асты. Қазіргі уақытта бағдарлама жаңа форматқа көшіріліп, оның ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Бұдан бөлек, жоғары білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талабына сай жаңартылмақ. Осы мақсатта 73 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын арасында зерттеу жүргізіліпті. Нәтижесінде 200-ден астам бағдарлама жабылып, 16-сы қайта қаралды. Басты мақсат – жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, сұранысқа ие маман даярлау, дейді жауапты министрлік.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Ауқымды сауалнама нәтижесінде 238 білім беру бағдарламасы толықтай жабылды, 16 бағдарлама қайта қаралды, ал 407 жаңа білім беру бағдарламасы пысықталды. Енді мұндай жұмыс жыл сайын жүргізіледі. Осылайша, еңбек нарығындағы бір, екі және үш жылдық кадр тапшылығы тұрақты түрде анықталып отырады.