Ақ ұлпа күтілген Астананың аспанынан қар емес, ақша жауды. Бүгін таңертең көпқабатты тұрғын үйдің маңында шашылған дорба-дорба доллар жұрттың ұйқысын шайдай ашты. Оқиға Қонаев көшесіндегі «Атлант» тұрғын үй кешенінде болды. 18 қабатты ғимараттың терезесінен бәзбіреулер көкқағаз толы бірнеше чемоданды төменге тастап жіберген деседі.
ТҰРҒЫН:
Терезеден көрдім. Купюралар ұшып жатты. Таңғы ас әзірлеп жатқан едім. Әрине, ондай соманы көріп, таң қалдым. Қанша ақша екенін білмеймін. Бірақ өте көп болды. Оны құқық қорғаушылар анықтай жатар.
Бұл жағдай желіде қызу талқыланып, аса ірі көлемдегі ақша лауазымды тұлғаларға тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Осы аралықта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі бірнеше шендінің ұсталғанын хабарлады. Олар: «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Басшысы Елжас Отыншиев. Құзырлы органның мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қолға түскен.
ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.
Дегенмен чемодан толы ақшаға олардың қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.