Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

«Жеңгетай әйел» шетелде ұсталды

Атышулы «Қыздар.нет» сайтына қатысы бар тағы бір әйел ұсталды. Ол осы уақытқа дейін Грузияда жасырынып жүрген. Күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы қызмет көрсететіндерге қолғабыс еткен. Яғни жоғарыда аталған интернет-ресурсына орналастырылған сауалнамалардың шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Сондай-ақ заңсыз қызмет ұсынатындардың жұмысын ілгерілетіп, анкеталарды жарнамалауға көмектескен. Ал шетелде бой тасалаған топ мүшелері сайтқа түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыларды ұстап қалып, қалған соманы Қазақстанға қайта аударып отырған. Қазір заңсыз әрекетке барғандардың көбі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ топтың кейбір мүшелері қудалау органдарынан жасырынып үлгерген еді. Жеңгетайлық жасаған күдікті Өзбекстан азаматы. Ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

ЕРЛАН ЖАНПЕЙСОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ағымдағы жылдың шілде айында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

← Барлық жаңалықтар