Алаяқтар бір сәтке де дамыл таппайды. Заңсыз пайда тапқысы келгендер әрдайым жымысқы әрекеттерін жетілдіріп отырады. Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Олар енді «Қазпошта» қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындардың жеке деректерін ұрлауға кіріскен. Бас прокуратураның дерегінше, ұйымдасқан топ мүшелері өздерін «Қазпошта» өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарға сәлемдеме барын айтып, жалған хабарламалар жібереді екен. Атап айтқанда, 9 қарашадан бастап тұрғындарға шетелдік +212 6 12 82 15 27 нөмірінен хаттар келгені анықталыпты. Осы сарындағы хабарламалар өзге де нөмірлерден жіберілуі мүмкін. Алаяқтар жеткізу мекенжайын нақтылау қажеттігін айтып, азаматтардан сілтеме арқылы өтіп, мәліметтерді толықтыруды сұрайды. Бас прокуратура тұрғындарды осы тектес хабарламалардан сақ болуға шақырады.