Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 12 қаралым

Жас қызды топ болып зорлағандар сотталды

Қарағандыда 16 жастағы колледж студентін топ болып зорлаған бес жігітке сот үкімі шықты. Бұл сұмдық оқиға былтыр 14 ақпанда болған. Сол күні кәмелетке толмаған бойжеткен құрбысымен бірге түнгі караоке-клубқа барып, күзетшіге жастарын өтірік айтып, ішке кіріп кетіпті. Ішімдік ішіп, мас болған қос қыз үйлеріне қайтуға қорқып, таныстарының сөзіне сеніп, бөтен пәтерге барады. Алайда пана іздеген жері қауіпті тұзаққа айналған. Баспанадағы жігіттердің бірі бойжеткенге белгісіз химиялық зат иіскетіп, есінен тандырып тастайды. Оның дәрменсіз күйін пайдаланған қаскүнемдер айуандық әрекетке барған. Үкім шыққан соң бесеуінің қолына бірден кісен салынды. Әрі олар екі жыл педагогикалық қызметпен айналыса алмайды. Одан бөлек, жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

САМАЛ АРИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

ҚР 2025 жылғы 23 маусымдағы ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңның үшінші бабының екінші бөлігінің екінші тармағына сәйкес тағайындалған жаза төрттен бір бөлігіне қысқартылып, қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 5 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!

Зәбір көрген қыздың анасы кесілген жазаны тым жеңіл деп санайды. Ал сотталғандардың кінәсі дәлелденбеді деген адвокаттар апелляциялық шағым түсіреміз дейді.

← Барлық жаңалықтар