Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 12 қаралым

Күйеуін өлтіріп қойған келіншек жазадан құтылды

Жетісу облысындағы жұртты шошытқан қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Күйеуін өлтірді деп айыпталған Лидия Шлегельге бүгін үкім шықты. Бастапқыда мемлекеттік айыптаушы бес баланың анасын ұзақ мерзімге соттауды сұраған. Алайда адвокат нәзік жанның өзін-өзі қорғау үшін осындай әрекетке барғанын айтып, ақтап алуға тырысты. Барлық тарапты тыңдаған судья айыпталушыны сот залынан босатты.

Текелі аудандық сотына қылмыстық іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша түскен. Сот тергеуі екі айға созылды. Соңғы сөзінде Лидия Шлегель өз ісіне өкініп, қайын жұртынан кешірім сұрады. Сондай-ақ сотталушы күйеуін өлтіру ниеті болмағанын, тек оның соққысынан қорғанып, өзіне қол жұмсаймын деп қорқытпақ болғанын айтты.

ЛИДИЯ ШЛЕГЕЛЬ, СОТТАЛУШЫ:

Егер менің әрекетімді Қылмыстық кодекстің 112-бабының екінші бөлігі бойынша қылмыс деп тапсаңыз, балаларымды өзім тәрбиелеуге мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Маған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындап, жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылықты қолдануыңызды өтінемін.

Лидия Шлегельді қорғап, қолдау білдіруге адвокатымен бірге бүкіл көршілері атсалысты. Сот тергеуі барысында отызға тарта куәгерден жауап алынған. Көршілерінің айтуынша, отасқан 16 жыл ішінде марқұм күйеуінің ішімдіктен аузы бір құрғамаған. Ал соңғы 10 жылда әйелін себепсіз ұрып-соғып, оның өмірін үрейге толтырғанын куәгерлер сотта дәлелдеуге тырысты.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ, МАУСЫМ, 2026 ЖЫЛ Қайғылы оқиға маусым айында болған. Сол кезде мән-жайдың қалай өрбігенін көршілері баяндап берген еді.

«Ол осылай тұрды, қолын сермеді. Ер адам осы жерде тұрды, мұнда орындық та бар еді. Ол орындықты әйелге ұрып сындырды, өйткені оны өзі ұра бастады».

Қорғаушы Лидияның кінәсіз екенін дәлелдеу үшін отызға тарта куәдан жауап алуға қол жеткізген. Сондай-ақ марқұмның соңғы үш жылда әйеліне алты рет қол көтергені үшін жауапқа тартылғанын да дәлелдеп шығыпты. Адвокаттың айтуынша, сот келтірілген дәйектердің барлығын назарға алған. Ал ер адам болса еш жерде жұмыс істемей, балаларының жәрдемақысы мен әйелінің тапқан табысына күн көрген екен.

ТАЛҒАТ ЖАНБОЛАТОВ, ЛИДИЯ ШЛЕГЕЛЬДІҢ АДВОКАТЫ:

Қазіргі кезде сот әділ өте дұрыс шешім қабылдады деп есептеймін. Қазіргі кезде 112-баптың 2-бөлігіне өтіп бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді. Өзінің 5,5 ай отырған уақытын санап, бір күнді екі күн деп санап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға орай амнистия қолдандырып, сот залынан босатты.

Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы бес баланың анасын тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сот Лидия Шлегельді кінәлі деп тауып, бір жылға соттады. Алайда тергеу кезінде қамауда отырған бес айы мен рақымшылықты ескерген судья оны сот залынан босатып, үйіне қайтарды.

ОЛЕГ АНИСИМОВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Лидия Сергеевна Шлегель қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылсын. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залында дереу бостандыққа шығарылсын.

Сот үкімін оқып болғанда Лидия есінен танып қалды. Қол-аяғы дірілдеген келіншектің өзіне келуіне біршама уақыт қажет болды.

НАДЕЖДА ДЕРКУНСКАЯ, ЛИДИЯ ШЛЕГЕЛЬДІҢ АНАСЫ:

Қызыма қолдау көрсетіп, оны босатуға көмектескен жандардың бәріне рақмет айтқым келеді. Енді балаларды бауырымызға басып, қайтарып аламыз, бәрі жақсы болады. Ол қамқор ана, әрдайым солай болып қала береді. Баршаңызға алғысым шексіз!

Лидияға қылмыстық іс қозғалған кезде төрт баласы уақытша балалар үйіне орналастырылған еді. Енді бостандыққа шыққан ана перзенттерін қайта бауырына басатын болды.

← Барлық жаңалықтар