Келіссөздің орнына шахмат партиясы! Астанада шетелдік дипломаттар тартысқа түсті. Елордада үшінші рет ұйымдастырылған халықаралық Diplomatic Chess Cup турниріне 14 ел мен 11 халықаралық ұйымның өкілі қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге де мемлекеттердің елшілік қызметкерлері бар. Ал тартысты бәсекеде Польшаның әскери атташесі қарсыластарынан басым түсті.
СЛАВОМИР КЕДЗЕРСКИ, ПОЛЬШАНЫҢ ӘСКЕРИ АТТАШЕСІ:
Бұл менің дипломаттар арасындағы турнирге екінші рет қатысуым. Мұндағы жастар өте мықты ойнайды. Меніңше, Қазақстанда шахмат қарқынды дамып келеді. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қызу тартыс болып жатыр, бірақ достық қарым-қатынас сақталады деп ойлаймын.
Ал жарыстың жүлде қоры бір миллион теңге. Алайда турнирдің көздегені тек үздікті анықтау емес. Ұйымдастырушылар осындай сайыстар арқылы мемлекеттер арасындағы достықты нығайтып, дипломаттардың бейресми жағдайда пікір алмасуына жол ашуды мақсат етіпті.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Шахмат интеллектуалды ойын және достық қарым-қатынастарды орнататын ойын. Осындай жарыстарда көптеген елдердің өкілдері бір-бірімен пікір алмасады, достық қарым-қатынастарды орнатады. Және де шахмат ойнағанда олар бір-бірімен интеллектуалды қарым-қатынасты да орнатады деп білеміз. Әлемде түрлі-түрлі жағдайлар болып жатыр. Ал шахмат тақтасы бәрімізді біріктіретін орта және ойын.