Жыл соңына дейін 85 мектептің құрылысы аяқталмақ. Бұл сүйінші хабарды Құрылтайдағы Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі жеткізді. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, соңғы жылдары жүздеген «Келешек мектебі» бой көтеріп, мыңдаған оқушыға қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе ауылдық жерлерге басымдық беріліпті. Енді бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаспақ. Келер жылы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бес өңірде 21 жаңа білім ошағын салу жоспарланып отыр екен.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Соңғы 7 жылда елімізде 1 342 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылды және 7 мыңнан астам заманауи пәндік кабинет ашылды. Қазір 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектеп салынып жатыр, 85-і биыл, қалған 16-сы 2027 жылы аяқталады. Салынып жатқан мектептің 56-сы ауылдық жерлерде орналасқанын ерекше атап өткім келеді.