Ұл-қыздарымыздың болашағына арналған қомақты қаражат. Алдағы бес жылда Үкімет балаларға деп 1 триллион 300 миллиард теңге қарастырып отыр. Бұл сома білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және әлеуметтік қорғау бағытында жұмсалмақ. Ал мұндай жобалардың нақты орындалу барысы бүгін Құрылтайда өткен Үкімет сағатында талқыланды. Жиында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының нәтижелері мен алдағы міндеттері сөз болды.
Баланың бар жұмысы білім алу емес пе?! Алайда оқудың орнына үй шаруасына жегіліп жүрсе, бұл алаңдатарлық жағдай. Елімізде кейбір жұмысбасты ата-ана баласын күндіз іні-қарындасына бас-көз болсын деп, қас қарайғанда сабаққа жөнелтетін көрінеді. Соңғы 9 айда 941 бала кешкі мектептерге ауысып кеткен. Құрылтай төрағасының орынбасары «Бұл балалар баратын жер емес», – дейді.
ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тексеру барысында кейбір балалардың үй шаруасына көмектесу немесе бауырларына қарау мақсатында ата-аналарының талабы бойынша кешкі мектепке ауыстырылған жағдайлары анықталды. Кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына, «онымен жұмыс істеу қиын» деп, кешкі мектепке ауыстыра салады. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді.
Әсілінде, мұндай білім беру мекемесі тек балаларға арналмаған. Ересектер де бар ол жерде. Елімізде осындай 34 білім беру мекемесі болса, онда 3 мыңға жуық адам оқиды екен. Оның 855-і – кәмелетке толмағандар. Осы орайда Оқу-ағарту министрі бұдан былай балаларды кешкі мектептерде оқытпауға арналған тиісті бұйрық қабылданатынын жеткізді.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Саладағы өзге де бірқатар бастамаларды таныстырған Жұлдыз Сүлейменова мектепке дейінгі ұйымдарға талап күшейетінін айтты. Бұл мәселенің көтерілуі бекер емес. Бұған бөбекжайлардағы кейбір келеңсіздіктер себеп болған. Мәселен, соңғы екі жылда балабақшада жұрттың жағасын ұстатқан 42 дерек тіркеліпті.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Олардың 37 жеке меншік балабақшада болған. Оның 36-сында бүлдіршіндер тәрбиешілерден зәбір көргені анықталды. Құқықбұзышылық болған жағдайда және оған реакция берілмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни баланың денесінде осындай бір жарақат және басқа дүниені білсе оны тәрбиеші бірден басшысына айту керек. Балабақша басшылығы құқық қорғау органдарына жеткізуі керек.
Сапалы білім беріп, саналы, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Қазір ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мәселен, бес жылда елімізде 1000-нан астам мектеп салынып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Дегенмен ауыл балаларына қатысты шешілмеген бірқатар мәселе бар, — дейді Дихан Қамзабекұлы.
ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Елімізде балалардың 40 пайызы ауылдарда тұрады. Алайда ауылдық елді мекендердің жартысында спорт инфрақұрылымы жоқ. Ал үйірмелер тапшылығы 39 пайыз. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында осы бастаманы кеңейтіп, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын ашу ұсынылған.
Бағдарлама аясында осы мүмкіндіктерді кеңейте түсу қажет, — дейді депутат. Биыл қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы да осыны көздейді. Бағдарлама қауіпсіздік, сапалы білім алу, денсаулық сақтау, отбасындағы тәрбие, әлеуметтік қорғауға қатысты төрт бағыттан тұрады.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Тұжырымдамада 158 іс-шара мен 10 индикатор белгіленген. Оның 94 іс-шарасы 2026 жылға жоспарланып, бес жылға 1,3 трлн теңге қарастырылған. Қабылданғанына он айға жуық уақыт ішінде көзделген шаралардың 70%-ы толығымен орындалғанын айтуға болады. Тұрақты сипаттағы 32 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар ол 2027-2028 жылдарға жоспарланған жеті іс-шара мерзімінен бұрын іске асырылды.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Ендігі міндет қабылданған заңдар мен бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Тұжырымдама аясында балалардың құқығын қорғау тетіктері жетілдіріліп, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қолдау шаралары жаңғыра түседі. Ең маңыздысы, қолға алынған бастамалардың нәтижесі әр баланың өмірінен көрініс табуға тиіс.