Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Әлем жаңалықтары

Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның ешкіммен ісі жоқ. Бар ойы тезірек тақ мұрагерін тағайындау. 42 жастағы саясаткер қазір алаңсыз елдің түкпір-түкпірін аралап жүр. Осындай саяхаттың бірінде ол үлкен қызын ертіп алып, тау-шаңғы демалыс аймағының жұмысымен танысты. Ал диктатордың қызы Ким Джу Э таудан ешқандай бас киімсіз, көзілдіріксіз түсіп, жұртты таң қалдырды. Бойжеткеннің шашын жайып алып, шаңғы теуіп жүргені барлық мемлекеттік арналардан көрсетіле бастады. Осыған қарап-ақ, Солтүстік Кореяның тізгінін жақын арада дәл осы бұрымды ұстайды деп топшылауға болады.

ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

Қара құрлықтағы экономикасы ең тұрақты елдердің қатарына кіретін Оңтүстік Африка Республикасында қанды қылмыс. Аймақта бір мезетте екі атыс болып, жұртты әбден есеңгіретіп тастады. Шабуыл құрбандарының саны 17 адамға жетті. Алғашқы қырғын ел астанасы Претория маңындағы елді мекендердің бірінде басталды. Иесіз қаңырап тұрған үйден тәртіп сақшылары 9 адамның мәйітін тапқан. Сондай-ақ полиция өкілдері жол жиегіндегі сайдан сау-тамтығы қалмаған көлікті алып шықты. Ал оқ іздері бар, шұрық-тесік темір тұлпардың салонында тағы 8 бейбіт тұрғынның денесі жатыр екен. Мемлекеттің құзырлы органдары сұмдық оқиғаның артында кімдер тұрғанын анықтауға кірісті. Жалпы халыққа оқ ату Оңтүстік Африка билігінің бас ауруына айналғалы біраз болды. Мәселен, қыркүйекте ғана қарулы топ сауық кештердің біріне баса-көктеп кіріп, 11 адамды жайратып салған еді.

СӘН ӘЛЕМІ ШЫҒЫНҒА БАТТЫ

Әлемдегі халық ең тығыз қоныстанған елдердің бірі — Бангладеште әлеуметтік ереуілдер тоқтайтын емес. Бенгалия аймағында мыңдаған тігінші билікке талаптарын айтып, көшеге шықты. Тұрғындар шенділерден жалақыны көтеруді талап етеді. Өйткені халықтың табысы ішіп-жемнен артылмай жатыр екен. Сондай-ақ елдегі пәтер мен азық-түлік бағасының шарықтауы да жығылғанға жұдырық болып тұр. Бұдан бөлек, Даккадағы наразылық акциясы жаһанның сән әлеміне де салқынын тигізбей қоймайтын сияқты. Себебі Бангладештегі арзан еңбек күштері ірі брендтердің тапсырысымен киім тігеді екен. Ал мемлекет экспорттың 80%-ын осы жеңіл өнеркәсіп арқылы жауып отыр. Бұл салада 4 млн-нан астам адам еңбек етеді. Киім-кешек экспорты бойынша олар тек Қытайға ғана жол береді. Тігіншілер айтқанынан қайтпаса, алдағы уақытта Бангладеш жұмыс күші бойынша Үндістан мен Вьетнамға жол беруі мүмкін.

ПРЕЗИДЕНТ ОТСТАВКАҒА КЕТЕДІ

Моңғолия тізгінін 5 жылдан сәл астам уақыт ұстаған президент Ухнаагийн Хурэлсух отставкаға кететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұндай күтпеген шешімді тегіннен-тегін қабылдаған жоқ. Себебі оған ауқымды теміржол құрылысында жеке басының пайдасын ойлады деген айып тағылып отыр. Моңғол көшбасшысы бұған әлеуметтік желідегі парақшасында кеңінен тоқталды. Саясаткер ол деректің барлығын жоққа шығарып, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қалпына келтіру үшін қызметінен кетуге де дайын екенін жеткізді. Моңғолия басылымдарының дерегінше, ел ішіндегі теміржол желісін тартуға құпия тендер ойнатылған екен. Ал саясаткерлердің ауыз бастырық ретінде алған қаржысы 110 млн доллардан асып жығылуы мүмкін. Десе де, президенттің тағдыры енді Ұлы мемлекеттік хуралдың қолында. Соңғы сөзді депутаттар айтады. Еске салайын, Ухнаагийн Хурэлсух президенттікке дейін Үкімет басшысы қызметін атқарған.

← Барлық жаңалықтар