Грузияда төтенше оқиға. Ел астанасы Тбилисидің шеткі аудандарының біріндегі бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Гүржістан билігінің дерегінше, оқыс жағдай Квемо-Поничала ауданында тіркелген. Мұнда ескі ғимарат газбен жылытылады екен. Арнайы құрылғыдан ақау шығып, халықты орны толмас қайғыға душар етті. Құтқарушылар үйінді астынан 3 жасар бүлдіршінді құтқарып қалды. Зардап шеккендерді іздестіру операциясы 15 сағатқа созылыпты. Опат болғандар арасында әйелдер мен балалар да бар. Тағы 4 адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Кейінірек ел Үкіметі апатқа байланысты 22 қарашаны аза тұту күні деп жариялады.