Америкалық ірі технологиялық компанияның тізгінін 33 жыл ұстап, жұбайының көзіне шөп салғаны үшін қызметінен кеткен Дженсен Хуанг күтпеген мәлімдеме жасады. «NVIDIA» холдингінің негізін қалаған азамат өзінің қателігін мойындап, бұрынғы лауазымына қайта оралуға дайын екенін жеткізді. Десе де компанияның директорлар кеңесі кеткен адамның кандидатурасын мүлде қарастырмайтынын кесіп айтты. Себебі Дженсен Хуанг ұжымның абыройына нұқсан келтірген көрінеді.
ТРАМП ҚЫТАЙҒА КЕЛДІ
Тарихи сапар. АҚШ президенті Дональд Трамп басты экономикалық қарсыласы Қытайға келді. Ақ үй басшысы Бейжіңнің Шэньчжень қаласында өтетін АТЭС саммитіне қатысады. Ал 80 жастағы саясаткерді әуежайдан Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің өзі қарсы алды. Қазірдің өзінде сарапшылар бұл әрекетті жақсылыққа балап отыр. Себебі Қытай басшысының Трампқа ілтипат көрсетуінің астарында үлкен мән жатыр екен. Тіпті халықаралық басылымдар Си Цзиньпиннің бұған дейін әлем басшыларының бірде-бірін траптан күтіп алмағанын да жаза бастады. Сондай-ақ бұл Қытай лидерінің Трампқа берген жауабы да болуы мүмкін. Өйткені бұған дейін Америка президенті де Вашингтонда Қытай көсемін өзі қарсы алған екен. Осындай факторлар алдағы уақытта қос мемлекеттің сауда-саттық пен технология бойынша келіссөздеріне оң әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, Трамп Қытайда Ресей президенті Владимир Путинмен де пікір алмасады деген жоспар бар.
ТҮРМЕЛЕР ТОЛЫП ҚАЛДЫ
Еуропаның түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар босатыла бастады. Нақтырақ айтсақ, Нидерланд билігі сотталған азаматтардың біраз бөлігін мерзімінен бұрын жіберейін деп отыр. Өйткені елде абақтылар жетіспей жатыр екен. Бұл шешімді «Қызғалдақтар елінің» Әділет бойынша мемлекеттік хатшысы Клаудия ван Брюгген жеткізді. Мәселен, бұған дейін мемлекетте 1 жылға сотталған тұрғындар жазасының екі аптасы қалғанда бостандыққа шығарылып келген. Енді жаңа ереже бойынша екі жылға кесілген азаматтар да мерзімінен бұрын түрмеден босатылады екен. Десе де рақымшылықтың бұл түріне ауыр қылмыс жасағандар ілінбейді. Бірақ Нидерландта түзеу мекемелерінің жетіспеушілігі елде сотталғандар көбейіп кетті дегенді білдірмейді. Мысалы, аймақта біраз абақтылар күрделі жөндеуге байланысты уақытша жабық тұр.
ТОҚПЕН ҰШАТЫН ҰШАҚ ҚҰРАСТЫРДЫ
Жуырда адамзат үшін алтынмен пара-пар авиаотынға сұраныс күрт төмендейтін сияқты. Қытай инженерлері жаһанды тағы бір мәрте таң қалдырды. Шығыстағы көршіміз әлемдегі тұңғыш тоқпен ұшатын лайнер құрастырды. Мамандар ұшақтың жай ғана макетін сызып қана қоймай, әуе көлігін конвейерден шығарып, алғашқы сынақтан да өткізіп үлгерді. Қытайдың мемлекеттік әуе көліктерін құрастыратын компания 10 тонналық транспортты көпшілікке таныстырды. Бұл шағын лайнер қалааралық рейстерге арналған екен. Сынақ сәтінде әуе көлігінің бортында екі пилот отырған. Жоба авторларының дерегінше, барлық жұмыстар сәтті аяқталған көрінеді. Бұл заманауи транспорт 2400 метр биіктікте, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен 20 жолаушыны тасымалдай алады. Ал толық қуаты 400 шақырымға дейін жетеді.