Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 12 қаралым

Ажалға апарған әлімжеттік

Соңғы аптада студенттердің өлімі туралы ақпарат жиілеп, жұрт жастардың басындағы бұл жайтқа алаңдай бастады. Әсіресе оқушы ұл-қызын өсіріп, үлкен қалаларға үміттің кемесіне мінгізіп жіберген ата-аналар алаң-елең. Білім аламын деп білек сыбанып кеткен баласы үшін бел жазбай жұмыс істеп, тапқанын беріп жіберетін отбасылардың уайымы артқан. Сондай оқиғалардың бірі Ақтөбеде тіркеліп, өзінен үлкендердің кесірінен бір жігіт көз жұмған еді. Алматыдағы аты дардай Қазақ ұлттық университетінде де жасы 18-ге де толмаған ұлды жоғары курстағылар соққыға жығып, бір отбасы қара жамылды. Ажалға апарған әлімжеттікті ауыздықтайтын амал бар ма? Тығылып тиын сұрап, жұмылып жұдырық жұмсайтындарды қалай тоқтатамыз?

Таңғы төртте маған хабар келді. Салтанат есімді тәрбиеші апайынан, Нұрбақыт терезеден құлап кетті деп…

Колледж жатақханасының терезесінен құлаған 17 жастағы Нұрбақыт сол күйі есін жимастан ауруханаға түсіп, 42 күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сәуір айының сол түні жатақханада не болғанын анасы кейін біледі. Қасында болған балалар бірауыздан «Нұрбақыт түнде қарны ашып, тамақ алып келем деп шықты» деген уәж айтады. Бірақ ана жүрегі бұған сенбеген. Өйткені кешкілік хабарласқанда балама ақша салып, ол дүкеннен азық-түлік алғанын көрсеткен болатын дейді. Сұрастыра келе, сол түні Нұрбақытты жоғары курс студенті дүкенге жұмсағанын анықтайды.

КҮЛАЙЫМ КОЛОВА, КӨЗ ЖҰМҒАН СТУДЕНТТІҢ АНАСЫ:

Терезеден шығып, барып тамақ әкелесіңдер, маған темекі әкелесіңдер дейді. Екі мың теңгені бөлмесінен алып беріп жібереді де, ішке келіп, «Мен ана өзімнің бөлмемнен қарап тұрамын, сендер 410-бөлмеге келіп, терезеге сол жерден түсесіңдер», дейді. Ернар деген бала төсек-жайманы байлайды, сөйтеді де түсуге көмектеседі. Менің балам түседі, қорқып тұрмын деп қайтадан мінеді. Анау ана жақтан айқайлайды, «Болсаңдаршы, не істеп жатсыңдар?!» деп, сөйтеді де төсек-жайманы Ернар деген бала қапталынан ұстап тұрам дейді. Менің балам төсек-жайманы ұстамастан құлайды… Олар айтады үшінші этажға келген кезде құлады деп. Үшінші этажға келген кезде құласа, баламның не аяғы, не қолы сынады, аман қалады. Төртінші этаждан сразу құлап тұр ол.

Нұрбақыт теміржолшы болуды армандаған. Аралдан Ақтөбеге келіп, Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түседі. Екінші курсты аяқтауға жақын қалған кезі екен. Анасы ұлын ешкімге зияны жоқ, ұстамды бала еді деп еске алады. Қазір студенттің өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Өрімдей жастың қазасына қатысы бар деген күдікпен сол колледждің 21 жастағы студенті екі бірдей бап бойынша айыпталып отыр. Сотта куәлік еткен студенттер оның бұған дейін де өзгелерге күш көрсеткенін айтады.

1-КУӘГЕР:

Қараша айында Мәди ішіп келіп, барлығымызды қанжармен ұрады ғой. – Қанжармен? – Иә. – Одан кейін де ұрды ма? – Иә. Ол кезде тағы ішіп алып келіп ұрды. Манар апай ол кезде шығарып жіберген. – Осыдан кейін сендер қорқа бастадыңдар ма? – Иә.

2-КУӘГЕР:

– Ішіп келген. «Сендер дұрыс емессіңдер, сыйлай алмайсыңдар» деген сияқты. «Тыңдамайсыңдар» дейді. – Немен ұрды? – Жүзі өтпейтін, бір орақ сияқты пышақпен. – Пышақ дегенде, орақ сияқты, жүзі жоқ темір.

Судья істің мән-жайын сотталушының өзінен сұрап, жауап алғысы келген. Алайда ол сот отырысын кейінге шегеруді өтінді. Процесс жалғасады.

– Кейінге қалдырсақ рұқсат па, құрметті сот? – Қаншалықты кейінге қалдыруды сұрайсыз? – Сізге қалай ыңғайлы, соған байланысты.

Ақтөбедегі Нұрбақыттың өліміне қатысты сот әлі жалғасып жатқанда, тағы бір отбасы қара жамылды. Бұл жолы қайғылы оқиға Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында болды. 18 жасқа толмаған Дауыл Бәкіртайды жоғары курс студенттері досымен бірге бөлмесінен сүйреп шығарып, соққыға жыққан. Анасы мұндай әлімжеттіктің жатақханада жүйелі түрде жасалып келгенін естігенін айтады.

СӘУЛЕ ОРДАБАЕВА, КӨЗ ЖҰМҒАН СТУДЕНТТІҢ АНАСЫ:

Ал менің Дауылымның тура жүрегінен ұрады, сөйтеді де бұл құлайды. Құлаған соң талып қалды деп ойлап, аяғынан ұстатып, басын жерге салбыратып, аяғын жоғары көтертіп қойған. Сол системаны алып тастасын ҚазҰУ әкімшілігі. Мына әкімшілік арнайы қойып қойған әр общага, бұлар ұстайды екен. Ал бұлар балаларға әлімжеттік жасап, ақша жинайды екен.

Еліміздің маңдайалды оқу орны саналатын ұлттық университетте он күннің ішінде екі студенттің өлімі тіркелді. Осыдан кейін Жоғары білім және ғылым министрлігі оқу орнына кешенді тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Университет өкілінің айтуынша, жауапты қызметкерлерге қатысты шара қабылданған.

БАҚТИЯР ТАЛҒАТҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Тәрбиеге жауапты және студенттердің жүріс-тұрысын реттейтін жауапты декан жұмыстан босатылды. Одан бөлек, сол күні жексенбіде кезекшілікте болған барлық жауапты тұлғалар жұмыстан шеттетілді.

Ақтөбедегі колледжде де қайғылы оқиғадан кейін басшылық құрам өзгерді. Оқу орнының директоры қызметінен босатылды. Жатақхана меңгерушісі, комендант және тәрбиеші де жұмыстан кетті. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілген. Екі апта бұрын колледжге жаңа басшы тағайындалды. Махсут Жиенқожаев қызметке кірісе салысымен жатақханадағы жағдайды зерттеп, қауіпсіздік шараларын күшейтуге кіріскенін айтады.

МАХСУТ ЖИЕНҚОЖАЕВ, КӨЛІК, БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Осы құқықбұзушылықтың алдын алу негізінде жатақхана айналасында дүкендер бар. Сондықтан мен ол дүкендерді де аралап шықтым. Барлығына барып, жеке өзімді таныстырып, біздің балалар жаңағыдай ішімдік, темекі деген сияқтыларды ала ма, алмай ма, сатылмасын деген сияқты өзімнің талабымды қойып кеттім. Тәрбиешілерге де қатаң тапсырма берілді. Жатақханада және кешкі мезгілде колледж оқытушылары мен орынбасарларымнан кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазір оқу орнында бақылау күшейтілген. Колледж бен жатақханаға кіріп-шығатындардың барлығы Face ID жүйесі арқылы тіркеледі. Оқу ғимараты мен жатақханаларда 208 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мыңнан астам студенттің әлеуметтік жағдайы, сабақ үлгерімі, тәртібі мен қызығушылығы зерттеліп, сауалнама жүргізілген. Бұл мәселе жауапты министрліктің де бақылауында. Ведомство өкілдері мектептер мен колледждерде жасырын сауалнама жүргізу қалыпты тәжірибеге айналғанын айтады. Мақсат – кәмелетке толмаған балалар буллингке ұшыраса немесе біреу күш көрсетсе, оны қорықпай айтуына мүмкіндік жасау.

ДАРХАН САТАНОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Контактный центр бар, «111» деген. Осы бүгінге дейін, 2026 жылдың басынан бастап, сол нөмірге 60 мыңнан астам өтініш балалардан түскен. Сол жерде бірігіп, осы баланың жәбірленуге ұшырады ме, буллинг болды ма, сол мәселе бойынша бәрі бірігіп, шешімін тауып, балаға көмектеседі.

Ал жатақханадағы қауіпсіздік мәселесі Құрылтай депутаттарын да алаңдатып отыр. Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, әсіресе кәмелетке толмаған студенттер тұратын жатақханаларға ерекше талап қойылуы керек.

ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жатақханалар студенттер үшін қорқыныштың орны болмауы керек қой. Келген кезде ол бір қорғанның, тыныштықтың, қауіпсіздіктің мекені болуы керек. Кәмелеттік жасқа толмаған студенттер тұратын жатақханаға ерекше тәртіптер, талаптар енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен кәмелетке толған азаматтардың бірлесіп тұратын жері. Былайша айтқанда, ол жерде тәуекелдер көп.

Бірақ қауіпсіздік шараларын күшейту мен жауапты қызметкерлерді ауыстыру мәселенің түпкі себебін жоя ала ма? Жастар арасында «дедовщина», «система» деген атпен белгілі әлімжеттік неге әлі күнге дейін жалғасып келеді? Неге кейбірі өзгеге күш көрсетуді бедел жинаудың жолы санайды? Бұл туралы жастардың өз пікірі мынадай:

САУАЛНАМАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Ата-аналардан мүмкін, балаларына дұрыс уақытылы қарамағанынан. Қадағаласаң, жақсы болады. Әрі қарай балалардың айналасы өзгереді де, жақсы жаққа тартылады. Төбелеске тартылмаса болды.

САУАЛНАМАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Мен Алматыда оқыған кезде 2014 жылы ақша сұрау, ұру, төбелес – бәрі болды ғой бізде. Салдарын айту керек қой, студенттерге қылмыстық жауапкершілік бар екенін жеткізу керек.

Әлімжеттік бір күнде пайда болмайды. Ол біреудің үнсіздігінен, біреудің немқұрайдылығынан, «бұрыннан келе жатқан тәртіп» деп ақтауынан тамыр жаяды. Жатақханадағы тәртіпті камерамен де, кезекшілікпен де күшейтуге болады. Бірақ жастардың санасындағы «үлкеннің айтқанына көну керек», «қарсы шықсаң, сазайыңды тартасың» деген түсінік өзгермейінше, мәселе түбегейлі шешілмейді. Сондықтан баланы әлімжеттіктен қорғау ғана емес, оны өзгеге әлімжеттік жасамайтын азамат етіп тәрбиелеу де маңызды. Өйткені әр жатақханада ата-анасының аманатын арқалап келген біреудің баласы тұрады.

← Барлық жаңалықтар