Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Си, Трамп, Путиннің кездесуі немен аяқталды?

Әлемдік саясатта кейде бір ауыз сөздің өзі ондаған дипломатиялық мәлімдемеден артық мағына береді. Қытайда Дональд Трамптың Владимир Путинді «досым» деп қарсы алуы да осындай саяси ишараға айналды. Үш алпауыттың бас қосуы әлемдік тәртіптің болашағына қатысты сауалдарды қайта күн тәртібіне шығарса, Еуропада Украина тағдырына қатысты алаңдаушылық күшейді. Бұл кездесуден кім не ұтты? Вашингтон, Мәскеу мен Бейжіңнің мүдделері қай тұста тоғысады, қай тұста қайшы келеді? Ал Еуропа үлкен ойыншылардың келіссөзінде өз орнын сақтап қала ала ма?

Әлемдік саясаттың үш ірі ойыншысы бір үстел басына жиналды. Қытай, АҚШ және Ресей басшыларының бұл кездесуі тарихи оқиға ретінде бағаланып жатыр. Алып елдердің жетекшілері жаһандық қауіпсіздік, халықаралық тұрақтылық және ірі державалардың жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Алайда әдемі дипломатиялық мәлімдемелердің ар жағында әр мемлекеттің өз есебі, өз мүддесі тұр.

СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

Жаһандық тұрғыда бір ауылда өмір сүріп жатқан адамзаттың тағдыры мен болашағы ортақ. Бәріміздің жетістігіміз де, сәтсіздігіміз де ортақ. Осындай жаһандық қоғамда ірі мемлекеттерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. Алпауыт елдердің өзара сындарлы қарым-қатынас орнатуы – таңдау емес, заман талабы.

Си Цзиньпиннің бұл сөзі Қытайдың халықаралық аренада ұстанып отырған бағытын аңғартады. Бейжің өзін тек экономикалық қуаты басым мемлекет ретінде емес, жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ете алатын саяси орталық ретінде танытқысы келеді. Ал АҚШ пен Ресейдің бір мезгілде Қытаймен келіссөз үстеліне отыруы Си үшін осы мәртебені нығайтудың мүмкіндігі. Әсіресе Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қайшылықтар бар кезде Қытайдың екі тараппен де диалог жүргізе алуы оның дипломатиялық салмағын арттыра түседі.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей, Қытай және АҚШ, осы үш елдің халқы өзара серіктестікке, құрметке, теңдікке және мүдделер теңгеріміне негізделген сындарлы ынтымақтастық орната алса, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алатынымызға кәміл сенемін.

Путин үшін мұндай кездесу, ең алдымен, халықаралық оқшаулануды еңсеріп, Ресейдің әлемдік саясаттағы орнын сақтап қалу тұрғысынан маңызды. АҚШ және Қытай басшыларымен бір алаңда бас қосу Мәскеуге өзін жаһандық шешімдер қабылдауға ықпалы бар держава ретінде көрсетуге мүмкіндік береді. Бірақ Ресей мен Батыс арасындағы қайшылықтар, Украинадағы соғыс және оған байланысты санкциялық шектеулер жағдайында үш елдің ортақ тіл табысуы оңай емес. Сондықтан Путин айтқан «мүдделер теңгерімі» деген ұғымның астарында Мәскеудің өз талаптарын естіртуге деген ұмтылысы жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сапар АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының тарихтағы алғашқы үшжақты кездесуін өткізуге де мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Сондықтан бүгін біз, шын мәнінде, тарихи сәттің куәсі болдық деуге болады. Бұл тұрғыда ғана емес, басқа да көптеген мәселелер – біздің мойнымызға айрықша жауапкершілік жүктейді. Халқымыздың ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдырына қатысты мәселелер бойынша ашық, өзара құрметке негізделген және нәтижелі диалогты сақтау маңызды.

Трамптың тарихи кездесу деп айрықша атап өтуі де бекер емес. АҚШ президенті үшін Қытаймен стратегиялық бәсекені басқару, Ресеймен арадағы шиеленісті реттеу және халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде өз ықпалын сақтау маңызды. Вашингтонның есебінде Бейжің мен Мәскеуді бір үстелге жинау ғана емес, олармен жеке-жеке келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу де бар. Дегенмен үшжақты форматтың өзі тараптардың барлық мәселеде ортақ ұстанымға келгенін білдірмейді.

ЧИМ ЛИ, «THE ECONOMIST» БАСЫЛЫМЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Қытай үшін бұл кездесу әдеттегіден өзгеше. Қытай Ресеймен де, АҚШ-пен де жеке-жеке қарым-қатынас орнатуға әбден қанағаттанғанымен, екі елмен бір мезгілде ортақ диалог жүргізуге онша мүдделі емес. Алайда АҚШ пен Ресей тарапынан мұндай диалогқа қатысуға деген зор ықылас бар екенін көріп отыр. Сондықтан Қытай бұл кездесуге қатысуға келісті. Өйткені бұл, бір жағынан, әлем назарын аударатын айтулы басқосу болса, екінші жағынан, Ресеймен және АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасты тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Үш елдің басын қосқан тағы бір маңызды мәселе – әлемдік тәртіптің болашағы. БҰҰ-ны реформалау, халықаралық қауіпсіздік, ядролық қатерді азайту және энергетикалық тұрақтылық секілді тақырыптар ірі державалардың күн тәртібінде тұр. Бірақ осындай мәселелерді шешуде шағын және орта мемлекеттердің дауысы қаншалықты ескеріледі? Қытай тарапы халықаралық қатынастарда мемлекеттердің теңдігі мен әділдік қағидатын сақтау маңызды дейді.

ВАН И, ҚЫТАЙДЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қытай үлкенді-кішілі барлық мемлекет тең деген ұстанымды берік қолдайды. Әлеуеті мен мүмкіндігі мол ірі мемлекеттер өз мәртебесіне сай кеңпейілділік танытуы керек деп санаймыз. Олар халықаралық аренада теңдікті сақтауға, сенімді нығайтуға, әділдік пен ынтымақтастықты қолдауда өзгелерге үлгі болуға тиіс.

Қытай сыртқы істер министрінің бұл мәлімдемесі Бейжіңнің халықаралық аренада қалыптастырғысы келетін бейнесін көрсетеді. Алайда дипломатиялық ұстаным мен нақты геосаяси әрекеттің арасы әрдайым бірдей бола бермейді. Әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын мемлекеттер өз мүддесін бірінші орынға қоятыны белгілі. Сондықтан Шэньчжэньдегі кездесудің шынайы нәтижесін мәлімдемелерден емес, алдағы уақытта қабылданатын шешімдерден бағалау қажет. Үш басшы тарихи кездесу өткізгенімен, әлемдегі басты қайшылықтардың бірде-бірі бір күнде шешіле қойған жоқ. Демек, бұл басқосудың аяқталуы – жаңа келісімдердің бастауы ма, әлде алпауыттардың өзара күш сынасуындағы кезекті дипломатиялық кезең ғана ма? Оған уақыт жауап береді.

← Барлық жаңалықтар