Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Газ қауіпсіздігіне кім жауапты?

Қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік талаптары қаншалықты сақталып жүр? Әсіресе газ баллондарын пайдалану мен сақтау тәртібі үлкен күмән тудырады. Бірқатар дәмхана электр қуатына көшкенімен, кейбірі әлі де баллондағы газды пайдаланады. Ал бақылаушы органдардың мүмкіндігі заңмен шектелген, кәсіпкерлерге салынатын айыппұл да айтарлықтай көп емес. Оның үстіне, ондаған жыл бойы қолданыстан шықпаған ескі баллондар бар. Қауіптің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?

Қызылорда дәмханасында болған жарылыс салдарынан екі қызметкер жарақат алды. Нысаннан екі газ баллоны шығарылды. Жақында ғана Ақтөбедегі кафенің күлі көкке ұшты. Оған да газ себеп болуы мүмкін. Тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханадан баллон табылмаса да, көгілдір отынның орталық желісінен ақау шықты ма? Оны тергеу анықтайды.

ЖАНБОЛАТ ТАЙШЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екінші этаж болған соң ударная волнаны қабылдадық біз. Диванда отыр еді жолдасым, екінші топтағы мүгедек. Ол да ұшып барып құлады, кенже балам да құлады. Сосын жылдам есімізді жиып, сыртқа шығуға ұмтылдық. Үйдің бәрі быт-шыт болды. Ештеңе жарамайды. Еден көтеріліп кетті, терезенің бәрі қирады, деформация.

ЗАРИНА ГИЯСОВА, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Руки не сгибаются и правая, и левая. Они вот в таком положении у меня постоянно.

Жыл басында Щучинскіде болған апаттан зардап шеккендердің бірі Зарина Гиясова. Палау орталығында болған жарылыс 12 адамның өмірін жалмап, 11 жанды жарақаттаған еді. Нысанда жарты жылдай аспаз болып істеген Зарина дәмхана үнемі газ баллондарын пайдаланғанын айтады. Алайда көгілдір отыны бар құтыларға, ішкі желілерге тексеру жасалғанын көрмедім дейді. Ақпанға дейін екі баласы мен анасын жалғыз өзі асырап келген. Енді қимыл-қозғалысы шектелген өзіне көмекші қажет.

ЗАРИНА ГИЯСОВА, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сот моральдық шығынды барлығына бірдей 3 млн теңге көлемінде белгіледі. Бірақ әзірге ол төленген жоқ. Шешім 3 қараша күні күшіне енді. Айыпталушыларға шығын өтеуге екі ай уақыт берілді. Күтіп отырмыз. Өтемақы сомасы аз деп санаймын. Бүгінге дейін емге кеткен шығынның өзі одан асып кетті. Алда тағы қанша керек екенін білмеймін. Қазір 89 мың теңгелік жәрдемақыға ғана қарап отырмыз. Жұрттан көмек сұраудан басқа амалым қалмады.

Астана да мұндай апаттардан ада емес. Базарлардың біріндегі дәмханадан өрт шығып, ішінен 3 баллон шығарылды. Абырой болғанда ешкім жапа шеккен жоқ.

ҒАБИТ БАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарында 33 өрт оқиғасы орын алған. Көбіне өрттің шығу себебі – желдеткіш жүйелерінің май қалдықтары жиналып, осы май қалдықтарының өртенуі орын алып жатады жалпы. Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, май қалдықтары тазартылып тұруы тиіс.

Апаттардың алдын алу мақсатында төтеншеліктер дәмханаларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек биыл 125 тексеру шарасы да ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде мыңнан аса қауіпсіздік ережелерін бұзу дерегі анықталған. 4,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл да салынды. Десе де газ баллондарын пайдалануға қатыстылары тіркелмепті. Бұл жолы да көгілдір отынды қолданудан бас тартқан кафелерді ғана көрдік.

ҚҰРАЛАЙ АХМЕТБЕКОВА, ДӘМХАНА ӘКІМШІСІ:

Он жыл болды осы жерде істеп жатқаныма. Вообще газ баллон қолданбаймыз. Қолданып та көрмегенбіз. Біз только тоқпен жұмыс істейміз. Есептеп көрген жоқпын если честно. Тоқ енді үйде свет қымбат деп айтамыз ғой. Свет қымбат шығар. Бірақ вообще есептеп, газ жағып, қайда газ сатады, вообще газ туралы қозғап та көрмептік.

Дәмханаларды тексеру оңай емес. Кәсіпкерлік кодекс көп нәрсеге қолбайлау. Алдымен прокуратурадан рұқсат алып барып қана табалдырығын аттай алады. Қарапайым азамат арыз жазса да солай. Оның өзінде ескеретін жайт бар.

ҒАБИТ БАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Арызданушы қандай именно қандай пункттерді көрсетеді, именно сол бойынша ғана тексереміз біз. Барлығын общий біз тексере алмаймыз. Мысалы, ол екі нарушение жазып, біз полный тексеруге құқығымыз жоқ. Сол екі нарушениені ғана қарауға құқығымыз бар, соған ғана біз тексеріс ашамыз.

Қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздікті әкімдік жанындағы газ инспекциялары да қадағалайды. Астанадағысы 17 нысанға барып, 15-іне айыппұл салған.

АБЫЛАЙХАН ҚАЙЫПБЕК, ГАЗ ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӘНЕ КӨТЕРГІШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫН БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Тамақтану орындарын тексерген кезде көп қабатты үйлерде орналасқан тамақтану орындарының газ қолдану жайттары бізде болды және де жеке тұрған ғимараттарда да пайдалану мәселелері болды. Газ пайдалану талаптарын бұзған жағдайда басқарма тарапынан хаттамалар толтырылады. Хаттамалардың көлемі жеке тұлғаларға 7 айлық көрсеткіш, жеке кәсіпкерлерге және кіші бизнестерге 10 айлық есептік көрсеткіш.

Сомасы 43 мың теңгеден сәл ғана асатын айыппұл. Бір аптаның ішінде төлесе, 50 пайыздық жеңілдігі бар. Кәсіпкерді мұндай айыппұлмен жөнге келтіру қиын. Тағы бір арыз түскенше емін-еркін жұмысын жалғастыра береді дейді мамандар.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Тәртіп бойынша, баллондағы көгілдір отынды тек арнайы мамандандырылған орталықтарда толтыруға болады. Автокөліктерге жанармай құятын станцияларда ондайға жол берілмеуі тиіс. Сапасыз қызмет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Елордада талап қаншалықты сақталатынын тексеріп көрейік.

Бірнеше жанармай құю станциясына бардық. Тұрмыстық баллонға жоламаймыз дегені де, кез келгенін әкел, толтырып береміз дегені де жолықты.

ӘҢГІМЕДЕН ҮЗІНДІ:

Кәдімгі газ баллон бар ғой? Соны заправлять ете алам ба? – Разовый ма? – Редуктор кәдімгі салынатын. – Аа, ондай жоқ. – Сіздерде қандай сонда? – Басын бұрайтын.

ӘҢГІМЕДЕН ҮЗІНДІ:

— Ауыстыратын ғана бар. – Ескісін алып келсем, жаңасын салып бересіздер иә? – Иә, полный дайыны бар. – Қаншадан баллон? – 3 мыңнан.

ӘҢГІМЕДЕН ҮЗІНДІ:

— Любой баллон да? Имеется в виду у нас простой бытовой с редуктором. – Да, любые баллоны заправим. 10 кг – 3 тысячи тенге. – Сколько? – 10 кг, 17 литров 3 тысячи будет. – Все, хорошо, Спасибо. Мына жерде оп-оңай сатып алуға болады екен. Кез келген баллонды толтырып береміз дейді.

Газ тоққа қарағанда әлдеқайда арзан. Артық шығын шығарғысы келмейтіндер үшін таптырмас құрал. Арнайы орталықтарға қарағанда арзанырақ бағаға толтырып берем дегендер тіпті жақсы. Бірақ салдарын естісең, жағаңды ұстайсың.

АЛЕКСАНДР КУРГАНОВ, ГАЗБЕН ҚАМТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оларда арнайы таразы жоқ. Баллонға сұйық отын құймас бұрын салмағын өлшеу керек. Нақты қанша газ керектігін білмесе, шамадан тыс толтырып жіберуі мүмкін. Әсіресе суық даладан жылы ғимаратқа кіргізілген баллон ішіндегі отын кеңейіп, жарылыс болады.

Әр баллонның жарамдылық мерзімін өндіруші зауыт белгілейді. Десе де ортақ талап бар. Конвейерден шыққан газ баллондарының қайсы болса да, 20 жылдан артық қолданылмауы керек. Алайда талапты бақылау қолдан келмей жатқан секілді. Елде 40, тіпті 50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 385 мыңға жуық баллон бар. Бұл мәселені қалай шешеміз деп Төтенше жағдайлар министрінен сұраған едік. Тұрғын үйлердегі газ құрылғыларының сапасын тексеруге шыққан бас құтқарушы Мұрат Мұханов қол қусырып отырған жоқпыз дейді.

МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Тек қана салдарымен күресіп жатқан жоқпыз. Оның барлығының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, біз мойындаймыз, ескі баллондар өте көп. Оның барлығын бір мезетте, дәл қазір оны ауыстыру қиын. Оған уақыт керек, оған кезең-кезеңмен жергілікті атқарушы органдармен жұмыстанып жатырмыз.

Ал энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау жұмыстарының жақын арада басталатынын айтуда.

АЙ-БЕК ТӨЛЕНДІ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ГАЗ ӨНЕРКӘСІП ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Ескілерге де, жаңаларға да маркировка жасалатын болады. Өйткені ескілердің 10 жыл пайдаланылып жатқандары бар, 15 жылдан пайдаланып жатқандары бар. Уақыттары әлі келген жоқ аяқталуына. Осыған байланысты ескісі де жаңасы да таңбаланатын болады. Және ескісі жылынан асып кеткендері болса, өз пайдалану мерзімінен асып кеткен жағдайда оларды қайтарып алып, оның орнына жаңа баллондар берілетін болады.

Көкшетауда газ баллондарын шығаратын зауыт іске қосылды. Жылына 30 мың дана өндіруге қауқарлы. Осындай кәсіпорындар Атырау мен Ақтауда да ашылмақ. Дегенмен ескі баллондар әлі де айналымда, ал қауіпсіздікті бақылау заңдық шектеулерге тіреліп отыр. Бірқатар өңірдегі жарылыс пен өрт – салдары қаншалықты ауыр екенін көрсетті. Сондықтан газ қауіпсіздігіне қатысты талапты күшейтіп, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру қажет дейді сала мамандары. Өйткені азын-аулақ үнемнің өтеуі адам өмірімен өлшенбеуі керек.

← Барлық жаңалықтар