Астанада жалпыұлттық ауқымдағы басқосу өтті. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумына осындай баға берді. Еліміздің әр аймағынан келген шаруа-диқандардың еңбегі ерекше аталды. Биыл ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, диқандар 24 жарым миллион тонна астық жинады. Соңғы жеті жылда азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есеге артқан. Дегенмен Мемлекет басшысы қол жеткен нәтижеге тоқмейілсімей, саланың әлеуетін толық пайдалануға шақырды. Ол үшін ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, шаруаларға қолайлы қаржыландыру тетіктерін ұсыну және өндірісті заманауи технологиялармен жабдықтау қажет. Бұл ретте Президент әсіресе мемлекеттік қолдау бағдарламаларына ерекше мән беру керектігін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін ендігі міндет – өндіріс көлемін ғана емес, оның тиімділігін де арттыру. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскен. Ал өсімдік майын өндіру 36, ет пен сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артқан. Енді осы қарқынды сақтап, отандық өнімнің бәсекеге қабілетін күшейту көзделіп отыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, жасанды интеллектіні пайдалану және ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу міндеті тұр. Форум аясында салада жылдар бойы тер төгіп, жетістікке жеткен шаруаларға мемлекеттік наградалар табысталды. Орайлы тұста тәжірибесімен бөліскендер де болды.
НҰРСҰЛТАН ЖАРЫЛҒАПОВ, «ULYTAU MEAT» ЖӘНЕ «ULYTAU SHEEP» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекеттің қолдауымен шаруаларды малмен қамтамасыз етіп, шалғайдағы жайылымдарды игеруге қажетті инфрақұрылым қалыптастырудамыз. Шопандар мен олардың отбасыларына заманауи тұрғын үйлер салдық. Жаңа шаруашылықтарды 10 жыл мерзімге 2,5 пайызбен қаржыландыру мүмкіндігі жасалды. Осы бағдарламаның арқасында мал бағудың қыр-сырын білетін жастар ауылға бет бұрып, өз шаруашылығын жүргізуге кірісті.