Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ

Павлодар облысында 2 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды

Павлодарда тұрмыстық техника мен киім-кешек сатып алған тұрғындар тауардың сапасы сын көтермеген соң, оны кері өткізбек болған. Алайда сатушылар ақшаны қайтарудан бас тартыпты. Тұтынушыларға араша түскен құзырлы орган өкілдері жыл басынан бері дәл осындай заңсыздықтардың жолын кесіп, 88 миллион теңгеден астам қаражатты иелеріне қайтарған. Олардың арасында құны 20 миллион теңгеге дейін жететін автокөліктерге қатысты даулар да бар. Дегенмен мұндай шағымдардың бәрі бірдей жаппай тексеріске ұласа бермейді. Көп жағдайда кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндірілген соң, олар қаржыны өтеуге немесе тауарды айырбастауға өз еркімен келіседі екен.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

10 айда департаментке 2065 өтініш келіп түсті. Шағымдардың басым бөлігі, яғни шамамен 48 пайызы бөлшек сауда саласына тиесілі. Тағы 18 пайызы тұрмыстық қызметтер мен электрондық саудаға қатысты. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында тұрғындар көбіне терезелерді сапасыз орнату, жұмысты белгіленген мерзімде орындамау және жиһаз жасау кезіндегі кемшіліктерге шағымданады.

← Барлық жаңалықтар