Алматыда көшкін қаупі бар 200-ден аса учаске анықталып, мамандар дабыл қақты. Олардың айтуынша, заңсыз салынған үйлер мен талапқа сай тартылмаған кәріз жүйесі мыңдаған тұрғынның өміріне қатер төндіріп тұр. Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік өкілдері мегаполистің таулы аумақтарында рейд жүргізіп, осындай тұжырымға келді. Қазір тау бөктерінде зәулім баспаналардың құрылысы қызу жүріп жатыр. Алайда беткейлерге түсетін шамадан тыс салмақты ешкім ескерер емес. Мамандардың сөзінше, ескірген немесе дұрыс тартылмаған су және кәріз құбырларынан аққан су жерге сіңіп, топырақты езіп жібереді де, соңы үйлердің құлауына немесе көшкінге әкелуі мүмкін. Мәселен, жыл басталғалы бері 15 төтенше жағдай болыпты. 6 рет жер опырылып түскен, 3 рет тау жыныстары сырғып, көшкін жүрген және 6 рет топырақ қабаты орнынан жылжыған.