Камераларды істен шығармақ болып, өзі соған түсіп қалды. Павлодар облысында жол ережесін бұзғандарды тіркейтін алты бейнебақылау құрылғысын сындырған мотоцикл жүргізушісі ұсталды. Оқиға Омбы – Майқапшағай тас жолында болған. Ер адам жол бойындағы камераларға жақындап, әдейі бүлдірген. Алайда жабдықтар істен шықпай, сол қалпы жұмыс істеп тұра берген. Тіпті күдіктінің осы әрекетін де таспалапты. Полицейлер көп ұзамай бұзақының кім екенін анықтады. Ол сол маңайдағы елді мекеннің 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.