Ақтөбеде бесқабатты үйде орналасқан дәмханада жарылыс болып, екі адам зардап шеккенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Құтқарушылар осындай апаттардан кейін түсіндіру жұмыстарын бұрынғыдан бетер күшейтті. Олар үй-үйді, кәсіпорындарды аралап тілсіз жау туралы айтып, дабыл қағатын датчиктердің орнатылғанын тексеруге кірісті.
Төтеншеліктер бұған дейін саяжайдағылардың түтін мұржасы мен пештерін тексеріп, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың үйіне улы газ датчигін орнатқан. Ал бүгін қаладағы зағиптар қоғамы бас қосатын ғимараттардың қауіпсіздігін назарға алды. Көз жанары суалған жандар түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, бізге арнайы оқу-жаттығулар да өткізсеңіздер деген ұсыныстарын да айтты.
МҰРАТӘЛІ АХМЕТ, ҚАЗАҚ ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазір мына ғимараттар, отырғыш, бізге бәрі кедергі ғой. Есікті таба алмай қаламыз. Қазір де мысалы, артық емес. Бізге хабар берсе мысалы, өрт, далаға шығыңдар десе, қай жерге барамыз?
Қаладағы зағиптар қоғамының мүшелері арнайы жиі бас қосатын екі мекеме бар- ол арнайы кітапхана мен сол қоғамның оқу-өндірістік кәсіпорны. Цехта бірінші, екінші топ мүгедектігі бар азаматтар тігіншілікпен айналысады. Мекеме өкілдерінің айтуынша, он шақты адам жұмыс істейді. Тігіншілер отыратын ғимарат ескі-құсқы болғандықтан, электр желілері де әбден тозыпты. Өрт сөндірушілер мұның қауіпті екенін ескеріп, жеке өрт сөндіру мекемелерінің есебінен жөндетуді қолға алыпты. Сондай-ақ цех ішіндегі дабыл жүйесіне қосымша дауыс зорайтқыш орнатып берген.
АСЛАН АРЗЫМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бау-бақша ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп өттік. Ол жерде біз улы газ датчиктерін орнаттық. Тұрғындармен өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру. Онкүндік барысында облыс тұрғындарының назарын аудару керек. Бұл тек он күнмен бітіп қалмай, жылыту маусымында толығымен жүргізілетін болады.
Кездесу кезінде төтенше жағдайлар департаментіндегілер автоматтандырылған жұмыс орны базасы туралы да түсіндірді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеке мәліметтерін 112-қызметіне қалдырса, барлығы жүйеге енгізіледі. Бұл зағип жандар тұрған үйде апат бола қалған жағдайда, өрт сөндіру қызметіндегілер құтқару жұмыстарын дер кезінде көрсету үшін қажет екен.