Алматыда алапат өрттен бес адам тірідей жанып кетті. Оның біреуі небәрі 4-сынып оқушысы. Таң ата түтінге тұншығып, өртпен алысқан тұрғындар терезеден секіріп, әрең бас сауғалаған. Ғимарат он бөлмелі жалдамалы жатақхана көрінеді. Төрт әулет жақынынан айырылып, қан жұтып отыр. Марқұмдардың жерлеу рәсімін әкімдік өз мойнына алыпты. Ал өрттің шығу себебі анықталмады.
Таңғы төрттер шамасында тұтанған тілсіз жау тұтас бір үйдің күлін көкке ұшырды. Бет қаратпаған қызыл жалынның ортасынан әрең дегенде сытылған тұрғындар үстіндегі жұқа киіммен сыртқа терезеден шығуға мәжбүр болған. Көршілері көк түтінге тұншығып ұйқы үстінде кетті дейді. Марқұмдардың арасында 60 жастағы анасы мен қызы, Өзбекстаннан келген екі еңбек мигранты бар. Осында екі баласымен тұрған келіншек бір перзентін құтқарып үлгергенімен, екіншісін ажалдан арашалай алмаған.
АНАР ТҰРҒАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Есікті ашқанымда қалың түтінге тұншығып қалдым. Содан қайта жауып, отбасымды ояттым да, бәріміз терезеден секіріп шықтық. Үстіміздегі киіммен далаға қаштық. Сол сәтте құтқарушылар мен жедел жәрдем де келіп жетті. Алғашқы үш бөлмедегі көршілеріміз қаза тапты. Өйткені тілсіз жау сол жақтан басталған. Әуелі үйдің шатыры отқа оранды.
Тілсіз жау дәлізі ұзын, он бөлмелі жалдамалы жер үйді түгін қалдырмай жалмап кетті. 100 шаршы метрден астам аумақ күлге айналған. Мұндағы әр отбасы 16 шаршы метрлік аядай бөлмеге айына 100 мың теңге төлеп, паналап келген. Үй тұтас көгілдір отынмен жылыту жүйесіне қосылғанымен, тұрғындар тамаққа газ баллонын қолданған. Бірақ ол атылса, дүрсіл болар еді, жалын тоқтан тұтануы мүмкін деп топшылайды.
МЕЙІРЛАН ТҰРҒАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Иә, газ баллонмен тамақ ысытамыз, общий отопление. Мүмкін емес, үстінен жаққан, төбе жанған. Төбе жанғанда қаштық қой біз. Тоқтан болуы мүмкін.
Оқиға орнында жауапты мамандар күні бойы тайлы-тұяғымен тексеру жұмыстарын жүргізді. Айналаны қызыл лентамен қоршап, адам баласын ішке кіргізбеді. Өртті сөндіруге 35 қызметкер мен 9 техника жұмылдырылған. Бес мәйітті сыртқа шығарған Төтенше жағдай департаментінің мамандары тергеу аяқталмай жақ ашпаймыз деді. Ал полиция қылмыстық іс қозғаған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталуда.
Тұрып жатқан жерлері өртеніп, дымсыз қалған тұрғындарды Бостандық ауданының әкімдігі қонақ үйге орналастырған. Енді құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем көрсетеміз дейді. Бұдан бөлек, марқұмдардың жерлеу рәсімін өз мойындарына алған. Бірақ қос мемлекеттік орган да камераға сұхбат беруден бас тартып, ақпаратты жазбаша ғана таратып отыр.
БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫ:
Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда.
Ал әлеуметтік желіде «үй қасақана өртелуі мүмкін» деген болжам тарады. Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында таңсәріде баспанаға белгісіз әйел кіріп-шыққан, іле-шала ғимарат түтіндей бастаған деген жазба жариялады. Күдікті қызғаныштан кек алу үшін әдейі бензин құйып, от қойған болуы ықтимал дейді ол.. Тіпті өрттің шыққан ошағы да анықталғаны айтылуда. Алайда құзырлы орган өкілдері тергеу аяқталмайынша, оқиғаның нақты себебі туралы ештеңе айтпаймыз деп отыр.