Таяу Шығыста ахуал нашар. Халықаралық делдалдардың араласуымен жасалған келісімдер мен жарияланған бітімдер аймаққа тұрақтылық әкеле алмады. Керісінше, қақтығыс ошақтары кеңейіп, текетірес құрлықтағы ұрыстармен ғана шектелмей, әлемдік экономиканың күретамыры саналатын стратегиялық теңіз жолдарына да ойысты. Бүгінде бұл өңірдегі әрбір әскери қимыл мен шектеу жаһандық нарыққа тікелей әсер ететін факторға айналды. Бір тарап қауіпсіздік кепілдігі мен қарусыздануды алға тартса, екінші тарап қысым мен санкцияларды тоқтатуды басты шарт етіп қойып отыр.
Ормуз бұғазындағы жағдай қайта шиеленісті. Иранның әскери-теңіз күштері екі мұнай танкері теңіз миналарына жарылып, өртке оранғанын хабарлады. Кемелердің бірі екі миллион баррельден астам мұнай тасымалдаған. Тегеран танкерлер рұқсат етілмеген бағытпен өтуге әрекет жасағанын мәлімдеді. Ақпанның 28-інде АҚШ пен Израиль Иран аумағына бірлескен соққы жасағаннан кейін Тегеран бұғаздағы бақылауын күшейтті. Иран қарсыластарына қатысы бар кемелердің өтуіне шектеу қойып, Вашингтоннан санкцияларды жоюды және теңіз қоршауын тоқтатуды талап етіп отыр.
ИСМАИЛ БАГАИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:
Егер америкалық тарап өз міндеттемелерін орындаса, Ормуз бұғазы мен аймақтағы қауіпсіздікті қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүмкіндік туады.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иран келісім жасағысы келгенімен, қарсы қолайлы шарттар ұсынбай отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұғаздағы жағдай америкалық жанармай бағасына да әсер етеді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір жанармай бағасы Иранмен қандай келісімге келетінімізге де байланысты. Олар келісім жасағысы келеді, бірақ мен қабылдайтын шарттарға келіскісі жоқ. Бізге жалған шарт емес, шынайы мәміле керек. Олар 51 жылдан бері осындай жалған келісімдер жасасты. Көпшілік 47 жыл деп айтып жүр. Бірақ шын мәнінде 51 жыл бойы адамдарды алдап келеді.
Соған қарамастан, келіссөздер жалғасып жатыр. Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің айтуынша, Катар мен Пәкістан екі тарап арасында делдалдық жасап, бірнеше ұсыныс қарастырылуда. Бірақ Тегеран Ормуз бұғазын ашу үшін өз талаптарының орындалуын сұрайды.
АББАС АРАГЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Нақты ұсыныстар айтылды. Меніңше, шешім табудың жолы бар. Қазір сол ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бірақ біздің негізгі мәселе өзгерген жоқ. Бірқатар талабымыз бар. Ормуз бұғазын ашып, келіссөздерді жалғастырып, түпкілікті келісімге келу үшін сол талаптар орындалуы керек.
Бұғаздағы текетірестің салдары мұнай нарығымен шектелмейді. Әлемдік азық-түлік бағдарламасының болжамынша, Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыстарға байланысты жүк тасымалының бұзылуы 2027 жылдың ортасына қарай ұйым шығынын 727 миллион долларға арттыруы мүмкін. Бұл 7 миллионнан астам мұқтаж адамның азық-түлікке қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді.
ЛЮК ЛИНДБЕРГ, ӘЛЕМДІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Гуманитарлық операциялар да тікелей зардап шегіп отыр. Біздің ұйымның жеткізу жүйесі ауқымды әрі күрделі болғанымен, тасымал мен тауар бағасының өсуінен туындаған тұрақсыздықтан қашып құтыла алмаймыз. Ормуз бұғазы, Баб әл-Мандеб бұғазы және Қара теңіздегі үш негізгі теңіз жолындағы шектеулер азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілуін күрт азайтты.
Иран Ормуз бұғазын қайта ашуға дайын екенін мәлімдегенімен, АҚШ-пен арадағы негізгі қайшылықтар шешілген жоқ. Ал әлем үшін бұл тек екі елдің текетіресі емес. Бұғаздағы қауіпсіздік мұнай бағасына, халықаралық саудаға және азық-түлік жеткізіліміне тікелей әсер етеді. Сондықтан келіссөздердің нәтижесі бүкіл әлем үшін маңызды.
Атыс тоқтар емес
Газа секторындағы ахуал қайта ушықты. Бір жыл бұрын АҚШ-тың араағайындығымен жасалған бітімге қарамастан, аймақтағы әуе соққылары толастар емес. Соңғы күндері Израиль армиясы анклав аумағына бірнеше рет шабуыл жасады. Соның салдарынан Хан-Юнис пен Газа қалаларында бейбіт тұрғындар мен жергілікті шенеуніктер қаза тапты. Атап айтқанда, білім министрінің орынбасары Халед Абу Нада жұбайымен бірге мерт болса, гуманитарлық көмек тасымалдаған көлікке жасалған соққыдан үш адам көз жұмды. Анклавтың Білім министрлігі қараша айының басынан бері Израиль шабуылдарынан 16 оқушының қаза тапқанын мәлімдеді.
ГАЗА ТҰРҒЫНЫ:
Газадағы қантөгіс бір сәтке де тоқтаған емес. Ахуал өте ауыр, апатты жағдайдамыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, балаларынан айырылған отбасылар қаншама. Соңғы үш жылдан бері толассыз жалғасып жатқан бұл шабуыл салдарынан еш тыныштық болмай тұр.
Тель-Авив бұл әрекеттерін ХАМАС тобының қайта топтасуына жол бермеу және содырларды жою мақсатымен түсіндіріп отыр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху соңғы бір айда ұйымның 80-ге жуық мүшесінің көзі жойылғанын мәлімдеді. Ал ХАМАС өкілдері бұл айыптауларды жоққа шығарып, керісінше Израильді бітім шарттарын бұзды деп айыптауда.
Тыныштық орнамады
Оңтүстік Ливанда да бітім шарттары орындалмай тұр. Маусым айындағы келісімнен кейін ірі шайқастар саябырсығанымен, Израиль әскері шекара маңындағы «қауіпсіздік аймағын» әлі де бақылауда ұстауда. Шілдеде АҚШ-тың «пилоттық аймақ» жоспары аясында Израиль күштері Батыс Завтар ауылынан шығарылып, ол жерге Ливан армиясы орналасқан еді. Алайда көршілес Шығыс Завтар елді мекенінде израильдік сарбаздар әлі жүр. Босқынға айналған тұрғындар туған ауылындағы үйлерінің қалай қиратылып жатқанын алыстан бақылауға мәжбүр.
ХАФЕЗ ИСМАИЛ, ТҰРҒЫН:
2026 жылғы соғыста бітім жарияланған кезде Шығыс Завтардағы үйіме қайта оралдым. Аздап зақымданғаны болмаса, баспанам аман тұр екен. Жөндеп, ретке келтіріп, қайта қоныстандық. Кейін ұрыс қайта басталып, тағы қашуға тура келді. Үйімді жарып жіберіпті.
Израиль армиясы азаматтық инфрақұрылымға әдейі соққы жасамайтынын мәлімдеді. Ресми Тель-Авив «Хезболла» тобын бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға әскери техника орналастырды деп айыптаса, қарулы топ бұл айыптауды жоққа шығарып отыр. Қорыта айтқанда, Израиль де дегенінен қайтпады, Палестинадағы Хамас пен Ливандағы Хезболла қозғалысы да қаруын тастамады. Салдарынан атыс-шабыс күнделікті дүниеге айналды. Қарапайым жұрт зар қақсап, бірі аталап, бірі боталап, жақындарынан айырылып жатыр.