Қызыл теңіз жағалауындағы ахуал да қайта шиеленісті. Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының Жидда және Жизан порттарына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұған дүйсенбі күні Сауд Арабиясы әуе күштерінің Йемендегі Ходейда портына жасаған шабуылы түрткі болған. Ол кезде байланыс нысандары қирап, 17 адам қаза тапқан еді. Сонымен қатар көтерілісшілер корольдіктегі ең ірі Рас-Танура мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылды да өз мойнына алды.
ЯХЬЯ САРИ, ХУСИТТЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӨКІЛІ:
Йемен қарулы күштері екі бірдей сәтті әскери операция жүргізді. Бірінші соққы Жидда портына дәл тисе, екіншісі Жизан портына бағытталды. Екі операцияның нәтижесінде де межеленген нысандарға зақым келтірілді.
Хуситтер бұдан былай «портқа – порт» қағидатымен жауап беретінін ескертіп, әуе шабуылдары мен қоршау тоқтамайынша соққылар жалғасатынын мәлімдеді. Ресми Эр-Рияд Жизан портына снаряд түсіп, аздаған зақым келгенін растағанымен, бейбіт тұрғындар зардап шекпегенін алға тартты. Коалиция күштері қарымта ретінде Йеменнің солтүстігіндегі бірнеше нысанға қайта әуе соққыларын жасады.