Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 21 қаралым

Жаңа технологиялық бәсеке

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ресей жеріне табан тіреп, AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясына қатысты. Президент әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұрғанын, жасанды интеллект жаһандық экономика мен мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан цифрландыруды стратегиялық басымдық ретінде айқындап, қажетті заңнамалық негіз қалыптастырды. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, ал отандық IT-қызметтер экспорты былтыр 1 миллиард доллардан асқан. Мемлекет басшысы технологиялық серпіліс үшін дайын инфрақұрылым мен білікті кадр ғана емес, төл әзірлемелерді жасап, оларды экономиканың нақты секторында тиімді қолдану да маңызды екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет.

Шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Мәскеуде жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті. Оған Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының жеңімпаздары мен дарынды оқушылар қатысты. Мемлекет басшысы жас буынның технологиялық жетістіктерін жоғары бағалап, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

← Барлық жаңалықтар