«QosLike» бағдарламасының жүргізушісі
Телевизия және медиа саласында 20 жылдық тәжірибесі бар. Еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбедегі «РИКА ТВ» телеарнасында «Арайлы таң» таңғы бағдарламасының жүргізушісі ретінде бастады. Сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйретуге арналған «Айналайын» балалар бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
Ағылшын және неміс тілдері мамандығы бойынша жоғары білім алған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистратураны үздік тәмамдап, «Лингвистика» бағыты бойынша докторантурада білім алған. Лондон мен Гранада университетінде халықаралық және ғылыми тағылымдамалардан өткен.
2009–2019 жылдары Алматыдағы «31 арнада» журналист-корреспондент, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тікелей эфир жүргізушісі, кейін телевизиялық жобалардың продюсері және авторы болып жұмыс істеді. «Налегке / Сәт сапар», «Сәт сапар Қазақстанда», «Айта берсін», «Жұлдызды шаңырақ», «Өнерім-Өмірім» жобаларын жүргізіп, продюсерлік етті.
2019 жылдан бастап Anna Danchenko Production продакшнының негізін қалаушы әрі продюсері. НТК, «Жетінші арна» және «Қазақстан» телеарналарына арналған телевизиялық және digital-жобаларды әзірлеп, шығарды. «Жұлдызды шаңырақ» авторлық жобасы шамамен 15 жыл бойы түрлі телеарналарда көрсетіліп келеді. 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап «QosLike» бағдарламасының жүргізушісі.
2011 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы — «Шапағат» медалімен, 2006 жылы мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Ақтөбе облысы әкімінің грамотасымен марапатталған.