Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Қазақстанға жеткізілмеген көлікке банктер қалай несие берген

Алматылық 23 отбасы тақырға отырды. Несиеге көлік алғандар алаяқтардың құрбанына айналған. Барлығын көндірген азамат алаяқтық әрекеті үшін 6 жылға сотталған. Ал ұсыныс барлығына бірдей жасалыпты.

АЛМАЗ ӘЛКЕНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

2023 жылы біз ортақ достарымыз арқылы кездестік. Сотталған азамат маған несиеге көлік сатып алып, оны такси қызметіне пайдалануды ұсынды. Ол несиені толық төлейтін, содан кейін мен одан көлікті нарықтық құнынан сәл төмен бағамен сатып ала алатын болып келістім. Өйткені таксиде біраз қызмет еткендіктен, оның тозуы да есепке алынды.

Несиелер банктің мобильді қосымшасы арқылы онлайн режимде рәсімделген. Ол үшін тек көліктердің фотосуреттері мен VIN нөмірлерін жіберу жеткілікті болған. Ер адам бастапқыда бірнеше ай несиені төлеп, артынша ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Зардап шеккендер оны сотқа беріп, жеңіп шыққан.

Бірақ банк жәбірленушілер несиелерді ерікті түрде және қорқытып-үркітусіз алғандықтан, өздері төлеуі керек деген шешімге келген. Қарызға белшеден батқан жандар ең болмаса таксопаркте жүрген көліктерін қайтарып алмақ болған. Алайда төбелерінен жай түскендей жағдайға тап болған.

ОКСАНА МУСОХРАНОВА, ЗАҢГЕР:

Көліктер Қазақстанға мүлдем кірмеген. Бізде Ұлттық қауіпсіздік комитетінен оны растайтын жауап бар. Мемлекеттік кірістер комитеті көліктердің кедендік рәсімнен өтпегенін растады. Содан кейін әріптесім екеуміз Қырғызстан мен Ресейдегі әріптестеріміз арқылы сұрау жібердік. Біз бұл көліктердің Қырғызстан мен Ресейде де жоқ екеніне көз жеткіздік.

Заңгердің айтуынша, бұл көліктер тек қағаз жүзінде ғана болған. Бір құжатта олардың Ресейден әкелінгені көрсетілсе, екіншісінде Қырғызстан деп жазылған. Мұндай қарама-қайшылықтар мәміленің жалған жасалғанын растайды. Жасалған келісімдердің ішінде тек несие ғана шынайы болып шыққан.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Осы іске қатысы бар болуы мүмкін деген азаматтарды айқындауға, олардың аты-жөндерін анықтап, ұстауға бағытталған қосымша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу және із кесу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар міндетті түрде анықталып, заң аясында жауап беретін болады. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында 20-дан аса азамат ресми түрде жәбірленуші болып танылды.

Зардап шеккендердің жалпы қарызы шамамен 370 миллион теңгеден асып жығылады. Көліктер іс жүзінде жоқ болғанына қарамастан, банк пен коллекторлар қарызды қайтару үшін екі жақтан қыспаққа алуда. Қазіргі уақытта адвокаттар сатып алу-сату мәмілелерін жарамсыз деп тануға тырысуда, бірақ бұл үшін тергеу амалдары аяқталуы тиіс. Тергеу амалдары енді ғана қолға алынған.

← Барлық жаңалықтар