Елімізде адам саудасы өршіп тұр. Сұмдық деректер Ішкі істер министрлігінің «СТОП трафик» деп аталатын ауқымды операциясы кезінде әшкереленді. Тіпті күдіктілер адамдарды арнайы схема арқылы саудалап келген.
Тәртіп сақшылары дәл осындай 41 қылмыстың бетін ашты. Оның 9-ы кәмелетке толмаған балаларға қатысты. Мәселен, 25 жастағы келіншек әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып, босанған соң бауыр еті баласынан бас тартқан. Ал ұйым жетекшісі қараусыз қалған шарананы 1 млн теңгеге сатып жіберуге оқталған.
Сондай-ақ құзырлы орган мәжбүрлі еңбекке жегу, вебкам-студия ұйымдастыру және жастарды заңсыз әрекеттерге тарту сынды деректерді анықтап, бірнеше күдіктіні қамауға алды.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының аумағында Ішкі істер министрлігі тарапынан кезекті ауқымды «СТОП трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталды.