Сәуір айы елордалықтар үшін қарбаласқа толы болды. Себебі бас-аяғы екі аптаның ішінде Ақордаға бірнеше елдің басшылары келіп кетті. Кеше ғана Израиль Президентін қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тағы бір мәртебелі мейманды қарсы алды.
Бас қалаға Чех Республикасының премьер-министрі Андрей Бабиш ресми сапармен табан тіреді. Ресми шарадан соң қос елдің өкілдері шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Прага арасында бұрыннан тығыз достық қарым-қатынас орнағанын, бұл серіктестік одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті.
Ал Чех премьері елордаға тек үкімет мүшелерімен ғана келген жоқ. Андрей Бабиш бас қалаға Влтава жағасынан елдегі ірі кәсіпорындардың басшыларын да ерте келген. Оның арасында әлемге жүк көліктерімен танымал Tatra компаниясы да бар. Делегаттар Астанада ауқымды бизнес-форум өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізген.
Айта кету керек, 71 жастағы саясаткер осыдан жарты ғасыр бұрын университетті аяқтаған соң, Шымкент пен Жамбыл өңірімен тығыз жұмыс істейтін Чехия департаментінде еңбек жолын бастаған. Сондықтан біздің елге бір келу мейманның көптен бергі арманы болған екен. Жиын соңында Президент Андрей Бабишті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
АНДРЕЙ БАБИШ, ЧЕХИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.