Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Ұстаздардың жұмысы жеңілдейді

Парламент таратылар уақыт жақындаған сайын депутаттар да күн өткен сайын белсенді болып барады. Бүгін мәжілісмендер «Мұғалім мәртебесіне қатысты» заң жобасын қызу талқылап, көптен ойда жүрген ұсыныстарын ортаға салды. Құжатқа сәйкес, ұстаздардың мәжбүрлі жұмысқа жегілгені тоқтап, еңбегі едәуір жеңілдеуі тиіс.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін ұстаздардың жайын бұрынғы әріптесі Асхат Аймағамбетов жан-жақты түсіндіріп берді. Бір жарым сағаттан аса талқыланған құжат үш негізгі бөлімнен тұрады. Соның алғашқысы – жауапкершілік мәселесіне қатысты.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жазда, кешкі уақытта немесе демалыста оқушылар құқық бұзушылық жасаған немесе келеңсіз оқиғаларға тап болған кезде жанында мұғалім болған жоқ. Олар үйлерінде болды, өйткені ол жұмыс уақытынан тыс еді. Бірақ соған қарамастан мектеп мұғалімдері мен директорлары жазаланды. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды. Әрине, бұл әділетсіздік.

Енді жаңа заң бойынша мұғалімдер оқушыларға тек мектеп қабырғасында жүрген кезде ғана жауапты. Жазғы каникулда, түнгі уақыт пен демалыс күндерінде бала ата-анасының жауапкершілігінде болады. Ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс, деді Аймағамбетов.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Екінші мәселе – мектепке гаджеттерді алып кіруге байланысты. Бүгінде білім ордасында смартфонды пайдаланудың бірыңғай ережесі жоқ. Әр мектеп өз қалауынша талап қояды. Енді осы заң бойынша министрлік бір тәртіпті айқындап, барлық білім мекемесі соған бұлжытпай бағынуы тиіс.

Депутаттар талапты жұмсартпай, телефонға толықтай шектеу қою қажет деген ұсыныс айтып жатыр.

АНАС БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мұғалімдердің өзін тыңдасақ, олар да шағымданып, оларға сөйлеуден қалдық деп отыр. Өйткені қорқады: телефоннан аудиожазба жүріп жатыр ма, әлде бейнетаспа ма. Мұғалімдер балаға сөйлеуден қорқады. Біздің ұсынысымызға қалай қарайсыз, заң жүзінде толығымен шектеу қою бойынша?

Алайда жалпы отырысқа қатысқан оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бұл мәселені алдағы уақытта әлі де талқылап, пысықтаймыз деп қысқаша қайырды.

ЖАЙЫҚ ШАРАБАСОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Өзекті мәселе айтып жатырсыз. Бүгінгі таңда мектептерде ұялы телефон қолдану тек қана Қазақстанда емес, басқа елдерде де қызу талқыланып жатыр.

Ендігі норма – мұғалімдерді мәжбүрлі жұмысқа жегуді тоқтату бойынша. Бұл талап бүгінде бар, бірақ тек мектеп ұстаздарына қатысты болған.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Енді бұл норма балабақша тәрбиешілеріне, колледж оқытушыларына және өзге де білім беру мекемелерінің мамандарына ортақ болады. Бұл – ұстаздардың алтын уақытын тек бала тәрбиесіне жұмсауына берілген құқықтық кепілдік.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұған дейін ұстаздар жұмсалмайтын жерге барып жұмсалып жүрді. Тіпті ешбір заң қорғай алған жоқ. Бұдан кейін ұстаздарды қорғайтын заңды бәріміз қолдауға тиіспіз деп ойлаймын.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Осылайша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда бір ауыздан мақұлдады. Енді екінші оқылымнан аман өтіп, Сенат та оң бағасын берсе, құжат көп ұзамай Президенттің алдына барады.

← Барлық жаңалықтар