Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Тараздықтардың төзімі таусылды

Таразда қала құрамына енген саяжай тұрғындары күнде жұмысқа барудың қиындығын ашына айтады. Олардың сөзінше, жергілікті билік жыл сайын жолды тек жамап қана келеді. Оның өзі ұзаққа шыдамай, асфальт жарылып, ойылып кете береді.

Соның салдарынан көліктер сынып, жұрттың жүйкесі әбден жұқарған. 25 мыңға жуық тұрғын күн сайын қатынайтын қара жолдың мәселесі тұрғындарды әбден қажытқан.

АЙЖАМАЛ ТӨЛЕПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір де бұзылып қалды. Ана тесікке кіріп кетті. Домалақ тесікке түсіп, шашылып кетті. Тұрғанымызға екі сағат болды. Бағана сағат тоғызда бұзылған. Халық бәрі шаршап кетті. Осы күнкөріс қой, таңертең бәрі қалаға барып күн көреді ғой.

Мәслихат депутаты 22 шақырым жол мәселесін мінберде төрт рет көтерген. Алайда ірі жоба қаржылық қолдау таппай, асфальт төселмепті. 6 млрд теңгеге жуық қаржыны облыс бюджеті көтере алмаған соң, жауаптылар республикаға сұрау салған. Әзірге орталықтан жауап келмеген.

ОРАЛХАН ДӘУІТ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Біріншіден, жол өте тар. Кейбір тұстарында екі көлік бір-бірімен зорға өтеді. Автобустар соңғы аялдамаға барған кезде көшеде талдар жақын өскендіктен жап-жаңа автобустарды сырып алып, терезесін шағып алған жағдайлар болды. Соңғы мәрте 60-70 см қар жауғанда тіпті Шөлдалаға көлік қатынамай қалды.

Ал аудан әкімі тақтайдай тегіс жолдың осы уақытқа дейін төселмеу себебін былай түсіндірді: алдымен алқаптарға ауыз су кіргізіліп, жарық жүргізілген. Әрбір іс кезең-кезеңімен іске асырылып, енді кезек асфальтқа да жеткен.

ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕКОВА, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл жерде қазір ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Бұл, негізінен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Бүгінгі таңда көптеген өтініш пен шағым түскеннен кейін, асфальт жол салу үшін бізге 5,7 млрд теңге қаражат керек.

Жергілікті билік жол құрылысын жыл соңында бастамақ. Қаражат көлемі үлкен болғандықтан, ірі жобаны үш кезеңге бөліп, асфальт төсеу жұмыстарын үш жылда аяқтауды жоспарлап отыр.

← Барлық жаңалықтар