Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Дөңгелектен шыққан дау

Ақтөбедегі табиғат жанашырлары белгісіз аумақта үйіліп жатқан ескі көлік дөңгелектерін көріп, дабыл қақты. Олардың айтуынша, біреулер ескі-құсқы шиналарды полигонға емес, көк майсаның үстіне төгіп кеткен.

Экобелсенділер мұны тезірек жинап алып, тиісті орынға тапсырмаса, аптап ыстықта алапат өртке себеп болуы мүмкін деп алаңдайды. Өрлеу ауылының маңында шашылып жатқан шиналарды алғаш болып солар байқаған. Ақтөбенің жасыл-желекке оранған аумағының мұндай кейіпке енгеніне қынжылады. Оның үстіне маңайда зираттар да бар.

ВЛАДИСЛАВ ЧЕРНОБРОВКИН, ЭКОБЕЛСЕНДІ:

Шамасы, дөңгелек жөндейтін орталықтар осы жерге төгіп кеткен болар. Әйтпесе, бізде ескі-құсқы шинаны өңдейтін, жоятын зауыт болған. Бірақ олар ақылы қабылдайды. Ақша төлегісі келмегендерге осылай далаға төге салу оңайырақ болар. Дөңгелектің қалдығы еріп, өздігінен жоқ болып кетпейді ғой, жылдар бойы жата береді.

Табиғат жанашырларының сөзінше, бұл қалдықты арнайы орынға тапсырса, кәдеге жаратуға болар еді. Мысалы, футбол немесе балалар ойын алаңдарына жабынды жасауға таптырмас шикізат болмақ.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Бұл жерде мыңдаған көлік дөңгелегі жатыр. Олардың арасында жеңіл көліктікі де, жүк көліктерінікі де бар. Тау болып үйілген қоқыс қоршаған ортаның әсем келбетін кетіріп тұр.

Кейін айдалада үйіліп жатқан дөңгелектердің кімге тиесілі екені белгілі болды. Ешқандай жөндеу орталығы төккен қалдық емес екен. Жер телімін полицейлерге оқу-жаттығу полигонын ұйымдастыру үшін бөлген, ал баллондарды қызметкерлердің дағдысын жетілдіру үшін пайдаланбақшы. Нысан әлі пайдалануға берілмеген.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аумақта орналасқан шиналар қызметкерлердің практикалық дағдыларын жетілдіруге арналған кедергілер жолағын, макеттерді және басқа да оқу нысандарын жасау үшін пайдаланылады. Мұндай материалдарды қолдану кең таралған тәжірибе болып табылады және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған аумақ рұқсат етілмеген қоқыс орны емес, барлық материалдар бақылауда және тек оқу мақсатында қолданылады.

Өздерін «Жасыл патруль» деп атайтын экология белсенділері облыс орталығын ғана емес, ауыл-аймақ пен елді мекендерді де назардан тыс қалдырмайды. Жүрген жерінде айналаға жанашырлық танытып, қоршаған ортадағы олқылықтардың бәрін жауапты мекемелерге хабарлап отырады.

← Барлық жаңалықтар