Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Егінді де жасанды интеллект егуі мүмкін

Қолына кетпен мен күрек ұстап жер игерген диқандардың жұмысы тарих қойнауына кетуі мүмкін. Енді бұл істі де жасанды интеллект атқарып жатса, таңғалмаңыз. Технология игілігін ауыл шаруашылығына негіздеп, елде жоқ жобалар әзірлеген зияткер жастар елордада бас қосты. Дәл қазір Астанада «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» атты агрохакатон өтіп жатыр. Интеллектуалды марафонға еліміздің 20 өңірінен 70 финалист жобаларын ала келген. Олардың мақсаты – сиыр саууды цифрландырудан бастап, дронмен егін егуге дейінгі ең батыл идеяларын қорғап шығу. «Ауыл» партиясы ұйымдастырған іс-шара «Цифрландыру және жасанды интеллект жылына» орайластырылған.

ҒАЛЫМЖАН ҚҰСМАНҒАЛИ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жастарға цифрлы технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өз идеяларын ұсынуға, сол арқылы ертең оны іс жүзінде жүзеге асыруға жол ашу – хакатонның басты мақсаты. Ауыл шаруашылығы, экология және жасыл технологияларға қатысты әртүрлі бағыттағы жобалар жасалып жатыр.

Агрохакатон талантты әрі бастамашыл жастарды біріктіретін алаңға айналды. Оза шапқандар қаржылай қолдауға ие болып, идеясын тәжірибеге енгізуге мүмкіндік алады. Қатысушылар арасында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, мектеп оқушылары да бар.

НҰРАЙЫМ СЕРІКХАН, ҚАТЫСУШЫ:

Мен қасымдағы достарыммен бірге GeoFixAI атты жобаны алып келдім. Ондағы басты мәселе – топырақ эрозиясын қалпына келтіру. Яғни жердің құнарлылығын сақтап қалу. Қазақстанда ауыл шаруашылығының 10-15 пайызына топырақ эрозиясы кері әсер етіп тұр. Сол себепті біз осы мәселені көтеріп отырмыз.

← Барлық жаңалықтар