Астана медициналық университетінде студентті мопед қағып кетті. Дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, зардап шегушіні аман алып қалды. Алайда бұл – студенттік олимпиада қатысушыларына берілген тапсырмалардың бірі ғана.
Елордада болашақ медицина қызметкерлері арасында ерекше форматтағы сайыс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 команда пациенттерге диагноз қойып, ем-дом көрсетуден сынға түсті. Ұйымдастырушылар практикалық тапсырмаларды шынайы ету үшін оқу орталығына мопедті арнайы кіргізген.
МАРХАБАТ ТҰРМАНОВА, СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС МАМАНЫ:
Мұндай практикалық олимпиадалар студенттерге өте қажет. Себебі қазіргі күнделікті жағдайда көлік апаттары, мопед апаттары өте көп. Мысалы, шұғыл көмек көрсету кезінде студенттердің болашақта дәрігер болған кезде тез шешім қабылдап, зардап шеккен адамдарға жедел көмек көрсетуі үшін бұл өте қажет.
Сайысқа қатысушылар өзгеше форматтағы олимпиадаға жоғары баға беріп, тапсырмаларды орындау оңайға түспегенін айтады.
АЙНАЛҚИЯ САЙЛАУБАЙ, СТУДЕНТ:
Астана медицина университеті қабырғасында болып жатқан олимпиада менің ойымша өте күшті және жоғары дәрежеде өтті. Кітаптан оқығаннан гөрі осындай дағдыларды практикада сынап көру әр медик үшін мықты тәжірибе. Бұл менің бірінші тәжірибем. Осындай олимпиадаға қатысып отырғаным, практика мен теорияны қатар алып жүру білімге деген құштарлығымызды одан сайын арттырды.