Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Жануарларға қатысты заңды жұмсарту керек

Сенат бұралқы иттерге қатысты норманы жұмсартуды ұсынды. Әсіресе «эвтаназия» терминін заңнан алып тастау керек деп отыр. Бұған дейін Мәжіліс ұсынған нұсқада панажайға жеткізілген жануарлардың иесі бес тәулік ішінде табылмаса, оларды өлтіру қарастырылған еді. Енді аталған құжаттағы кейбір мәселелер қайта қаралмақ.

АРМАН ӨТЕҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Эвтаназия – жануарлар санын реттеу тәсілі емес, тек ең соңғы шара. Ол тек ерекше жағдайда, ветеринар дәрігердің қорытындысы болған кезде және жануардың созылмалы ауруы оның өмір сапасын ауырлатып, тұрақты ауырсынуға әкелген жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Мұндай шешім иесінің келісімімен және ветеринарлық, этикалық нормалар қатаң сақталған кезде ғана қабылдануы тиіс.

Сенаторлар чипі жоқ ит пен мысықты автоматты түрде қаңғыбас деп тану нормасын да сынға алды. Олардың пікірінше, құрылғының болмауы жануардың иесі жоқ екенін білдірмейді, бұл тек есепке алу құралы ғана. Айта кетейік, заң жоғары палатаға түскеннен бері жұмыс тобының бес отырысы өтіп, осы аралықта азаматтардан 300-ден астам ұсыныс келген. Талқылауға мемлекеттік органдар өкілдері, зооқорғаушылар, заңгерлер және қоғам белсенділері қатысқан.

← Барлық жаңалықтар