Елордаға жұмыс сапарымен Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келді. Көрші елдің шенеунігі әріптесі Ермек Көшербаевпен маңызды бірнеше келіссөз жүргізді. Қос тарап қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту бойынша пікір алмасты. Екі ел делегациясы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарға ерекше назар аударды. Сондай-ақ ортақ Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы ықпалдастық мәселелері сөз болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша қос ведомство басшылары екі жылға арналған бірлескен жобалар жоспарына қол қойды. Айта кету керек, мәртебелі мейманды бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды.
ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Экономикалық тұрғыдан алғанда Ресей негізгі сауда серіктестеріміздің бірі әрі ірі инвесторымыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 28 млрд доллардан асты. Қос елдің мемлекет басшылары қойған 30 млрд долларлық межеге сенімді түрде ілгерілеп келеміз. Инвестициялық ынтымақтастық та кезең-кезеңімен дамып жатыр. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 29 млрд долларға жетті. Ал біздің ел солтүстіктегі көршіміздің экономикасына 9 млрд доллар инвестиция құйған.