Енді министрлер мен әкімдер есірткі тестінен өтеді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мәлімдеді. Оның айтуынша, ережеге сәйкес наркоскрининг жыл сайын болады. Оны басшылық құрамнан бастап барлық мемлекеттік қызметкерлер тапсыруға міндеттелмек. Процедура өтетін күні және ертесіне қызметкерге демалыс беріледі, бірақ еңбекақысы сақталады. Ал тексерістен бас тартқандар жұмыстан шығарылмақ.
САЛАУАТ МҮКСІМОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Заңмен енгізіліп жатқан мұндай тетіктердің басты ерекшелігі – тұтқиылдық. Мемлекеттік орган басшысы шешім қабылдаған сәттен бастап, тиісті тұлға 48 сағаттың ішінде есірткі скринингінен өтуге міндетті. Осы орайда мұндай қадамдардың құқықтық салдарын түсіндіріп өткім келеді. Заң алғаш рет есірткі құралдарын, прекурсорларды және басқа да тыйым салынған заттарды тұтынуды мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге жатқызып отыр. Бұл мемлекеттік қызметтен шығаруға әкеп соғады.