Адамның басы Алланың ғана емес, Алматы облысындағы шенеуніктердің де добына айналды. Ақ жағалылар елдің тағдыршешті құжаттарымен футбол ойнап жүр. Соның салдарынан жүзге жуық отбасы жер телімдерін рәсімдей алмай зар илеп отыр. Талғар ауданының шенділері бір-біріне сілтеп, қырық сылтау айтып, созып-созып келіп, Алатау қаласына бұрып жіберген. Енді олардан пас алған ерекше мәртебесі бар қаланың шекпенділері сотқа қарай теуіп жіберген. Оның артынан салпақтап қара халық жүгіріп жүр.
ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:
Дәулет ауылында жұртшылықтың тұрып жатқанына оншақты жылдың жүзі болған. Жер телімін сатып алған кезде қолдарына заңды құжат беріліпті. Алайда оның бәрі бір күнде күшін жойған. Енді тұрғындар салған үйлерін не заңдастыра алмайды, не тіркеуге тұра алмай әлекке түсуде.
Дәулет ауылы бұрын Талғар ауданына қараған. Жер телімін берген кезде Талғардың шенділері мөр басып, оншақтысы қол қойып тұрып беріпті. Жер алғандардың арасында көпбалалы аналар, ауған соғысының ардагерлері де бар. Біріне тегін, енді бірі әкімдік пен халық арасында жүрген делдалдан сатып алған. Құжатын жасаймыз деп әкімдіктің табалдырығын тоздырғандарымен, шенділер бір-біріне сілтеп, 40 сылтау айтып, ақыры заңдастырмай қойыпты.
САНЖАР ӘЛІМБЕКОВ, ДӘУЛЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сол жылдары әкім істі болды. Ана самолет құлады деп айтты ғой жаңа. Одан кейін тоқтатып қойды, компьютерлері іс болып жатыр деп. Оған құжатпен жүгіріп жүрген кезде пандемия болып кетті. Үйден шыға алмай қалдық. Одан кейін Қаңтар болды. Сөйтіп жүрген кезде Алатау қаласына көшіп кетті. Енді не анда, не мында жоқ.
Әкімдік шығарып берген шешімнің қазір заңды күші жоқ. Қарапайым халықтың салған үйлері заңсыз болып шыққан. Соның салдарынан тұрғындар тегін ем алудан қағылған. Енді құжаттары дұрыс болмағандықтан, қыруар қаржыға салған баспананың көк тиын да құны жоқ. Ол аздай, жарығы да сөндірілуі мүмкін. Себебі заңсыз пайдаланып отырсыңдар деген ескерту алыпты.
ӘСЕЛ ҚАСЫМБЕКОВА, ДӘУЛЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір қағаз, решение берді. Содан біз салып бастағаннан кейін бір жылдан кейін бұл құжат жарамайды деп естідік. Содан барып оны 3 жылда бір ауыстырып тұру керек қой. Үшінші жылы ауыстырып берді. Талғардан барып ауыстырып әкеліп берді. Келесі үш жылдықта Алатауға ауысатын болдық. Сол кезде өзіміз жүгіріп бастадық. Содан жаңағы айтқандай Талғарға бардық, Талғар айтты: сіздер Алатауға қарайсыздар, біз сіздерге жауап бере алмаймыз деді.
АЙЖАН БӨКЕЙХАН, ДӘУЛЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Енем алған ғой. Енем осы қыста, қаңтар айында қайтыс болып кетті. Сол себептен біз осы үйге келіп тұрып жатырмыз. Сол үйдің құжатын ала алмай жүргенімізге екі жыл болды, әкімдіктің табалдырығын тоздырғанымызға. Қазір тұрақты тіркеуде де жоқпыз. Туыстарымыздың тіркеуіндеміз. Ауруханаға да қарала алмаймыз, ақылы жерлерге барып жүрміз.
Талғар ауданынан қайыр болмаған соң қараша ерекше мәртебесі бар Алатау қаласының басшыларын жағалаған. Мұндағылар да шекесін қыздырғаны шамалы, тұрғындардың өздерін кінәлап отыр. Бар көмегі кеңес беру ғана екен.
НҰРДОС СЫЛДЫРБАЕВ, АЛАТАУ ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Негізі заң талабы бойынша бірінші жердің құжаттарын жасап алу керек. Одан кейін барып үй құрылысын бастау үшін рұқсат алып, содан кейін үйлерін салу керек болған. Алайда бұл кісілер құжаттарын толық рәсімдемей, үйлерін салып алған. Енді заң жолдарын тауып, мүмкін комиссия құрылады. Біздің кеңесіміз – тек сот арқылы ғана рәсімдеу.
Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, Іле ауданына қосылған Жетіген және Еңбек ауылдарында жер телімдерін рәсімдей алмаған 50-ге тарта жан бар екен. Енді жүзден астам отбасына сотқа жүгінуден басқа амал жоқ. Алатау әкімдігі заңсыз салынған үйлер сүрілмейді деп сендірді.