Ақтөбеде оқып жүр талай ұлттың баласы. Ағы менен сарысы, қысығы мен қарасы. Ауғаны бар, ғағауыз, кәрісі мен орысы. Ұстаздар да жан-жақтан, Оманнан келгені тағы бар. Салт-дәстүрін қазақтың түрлі елдің баласы үйренген соң, әрине, жақындайды арасы. Жаттағаны жыр-дастан, Абайдың «Көзімнің қарасы». Қазір көретіндеріңіз – солардың бір парасы.
Ауған қызы Хадия Ақтөбедегі Қ. Жұбанов атындағы университетте информатика мамандығында білім алып жүр. Қазақстанға «Болашақ» бағдарламасы арқылы келіпті. IT саласын таңдауыма оқуды тәмамдаған соң қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі бары себеп болды дейді. Есеп-қисапқа жүйрік, әрі ағылшыншасы жақсы, алғыр қыз ата-анасымен ақылдасып, Қазақстанды таңдаған. Бастапқыда тілді түсінбепті. Кейін қасындағы қазақ құрбыларын тыңдап отырып, төрт айда қазақша үйреніп алған.
ХАДИЯ СЕРДАШ, Қ. ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:
Тілді үйрену негізінде басында келгенде дым түсінген жоқпын. Шынын айтқанда, естіп жатқанда қытай тілі сияқты көрініп жатты маған. Қонақжайлылығы қатты ұнап қалды. Әлі күнге дейін өзімді елімнен алыс сезінген жоқпын. Мен екі жыл болды Ауғанстанға қайтқан жоқпын. Бәрі дос сияқты. Жақсы, мейірімді қарым-қатынаста. Бір жаққа барғанда, егер адамдары жақсы қарым-қатынаста болса, ол елді өз еліміздей көре алады екенбіз.
Аиданың ұлты – ғағауыз, қазаққа – жиен. Халықаралық университеттің студенті «Сөйле» клубына жетекшілік етеді. Ол қазақ тілін тегін үйрететін орталық. Қазірдің өзінде 100-ге тарта адам үйреніп жүр екен.
АИДА КАДЫН, HERIOT-WATT УНИВЕРСИТЕТІ АҚТӨБЕ КАМПУСЫНЫҢ СТУДЕНТІ:
Айналадағы адамдармен шала қазақша емес, таза қазақша сөйлесуі керек. Одан бөлек, өлеңдерді тыңдауы керек. Ал егер үйренгіңіз келсе, әрине, грамматиканы үйден өзіңіз үйрене алмайсыз. Сол үшін өлеңдерді тыңдап, фильмдерді субтитрмен қарап, адамдармен қазақша сөйлесу керек.
Бойжеткендердің өз тілімен қатар өзге тілді тез меңгеруіне ортасының да ықпалы үлкен. Олар білім алатын оқу орнында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін жиі насихаттайды.
МАРАЛБЕК САҒЫНҒАНОВ, HERIOT-WATT УНИВЕРСИТЕТІ АҚТӨБЕ КАМПУСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
Әр жұма сайын қазақтың салт-дәстүрлеріне бағытталған түрлі шаралар өтеді. Қоңыраулар барысында ұлттық дәстүрімізді сипаттайтын түрлі ойындар ойналып, кейде ән-күйден үзінділер көрсетіліп, болмаса өзіміздің қызметкерлеріміз қазақша киім киіп, сондай бір мәдениеттің үлгісін көрсетеді. Шетелдік профессорларымыздың сол күндері қазақтың ұлттық киімдерін киюге тырысатынын байқаймыз. Барлығының да біздің мәдениетке, жалпы болмысқа деген қызығушылығы жоғары деп айта аламын.
Халықаралық университеттің Ақтөбедегі кампусы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы ашылған еді. Оқу орнында Нидерланды, Египет, Пәкістан мен Оманнан келген профессорлар дәріс оқиды.