Қарағандыда ана тілінен бұрын қазақ тілін жетік меңгерген ерекше ұстаз бар. Білім ордасында Светлана Крументті білмейтін жан кемде-кем. Студенттері де, колледж басшылығы да құрметтеп, сыйлап жүреді. Неміс пен татардан туған ару тіпті түсінде де қазақша сөйлеп жүреді екен.
«Осы картада бізде депортацияланған халықтардың Қазақстанға қоныс аударуы…» Қазақ тарихын да, тілін де жетік меңгерген қазақтың сары қызы бұл. Әулетімен қазақ топырағында тамыр жайған.
СВЕТЛАНА КРУМЕНТ, ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
Мен өте қуаныштымын қазақ тілін білгенім үшін. Қарқаралыда туып-өскенімнің, Қарқаралының арқасында менің қазақ тілін меңгергенім деп айтуға болады. Мен, мысалы, ойланбаймын: мен орыс тілінде сабақ беремін бе, әлде қазақ тілінде ме.
Иә, екі тілде де сабағын еркін беретін ұстазды көріп, әу-баста кабинетті ауыстырып алдық па деп студенттері әбден шатасыпты.
НҰРӘЛІ ТІЛЕУҒАБЫЛ, СТУДЕНТ:
Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін толықтай меңгеріп, қазақ тілінде еркін сөйлегені бұл мен үшін таңғалдырар нәрсе. Осы колледжге келіп, мұғалімді көрген кезде мен бір жағынан қатты таңғалдым, бір жағынан қатты қуанышты болдым.
АҢСАР ӘБДІРАХМАН, СТУДЕНТ:
Мен осы колледжге түскен кезде осы мұғалімімізді қазақ емес деп ойлап едім. Біздің мұғаліміміз қазақша өте анық, өте таза, өте жақсы сөйлейді.
Жақсы сөйлегені сонша – қазақ тілін ана тілімнен де артық білемін дейді жас маман. Тіпті түсіме дейін қазақ тілінде көрем дейді.
СВЕТЛАНА КРУМЕНТ, ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
Мен қазақ тілін орыс тілінен ерте меңгердім деп айтуға болады. Мен әрі ойлаймын, әрі армандаймын – орыс тілінде де, қазақ тілінде де.
Бәрінен бұрын Светланадай маманның барына колледж басшылығы дән риза.
БАУЫРЖАН ЕРМҰХАМБЕТ, ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл өнер колледжі болғандықтан, бізге орыс, қазақ тобы – әр түрлі ұлттардан оқуға түсе береді. Бұл кісіде «қазақ тобын алам, болмаса орыс тобын алам» деген таңдау жоқ. Қай топты бересің, сол тілде сабақ береді, өте ыңғайлы.
Осы орайда кейіпкеріміз бүгінде ағылшын тілін де үйреніп, меңгеріп бастадым дейді. Демек, алдағы уақытта білім мекемесінде екі тілді емес, бірден үш тілді маман сабақ беруі бек мүмкін.