Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Алматылық велосаяхатшы 10 мың шақырым жүруді көздеп отыр

Мамырдан басталған саяхат. Жарты әлемді шарлап шыққан алматылық Денис Желнин елімізді велосипедпен аралауға аттанды. Ол 10 мың шақырымнан астам жол жүруді көздеп отыр.

Саяхатқа қажетті керек-жарақтың барлығын қосқанда, жүктерінің салмағы 45 келіден асады екен. Ол алдағы төрт айда 10 мың шақырым жол жүріп, Қазақстанның барлық аймағын шарлап шықпақ. Денис шатырда түнеп, асын өзі әзірлейді. Қонақүйге душқа түсіп, кір жууға ғана барады екен. Жарты әлемді аралап шыққан саяхатшы еліміздің де көрікті жерлері көп екенін айтады. Қыркүйекке дейін солардың барлығын аралап, бастан өткен оқиғаларымен бөлісуді жоспарлап отыр. Кезекті саяхатына қалалықтар мен жанкүйерлері шығарып салды.

ДЕНИС ЖЕЛНИН, ВЕЛОСАЯХАТШЫ:

Басқа елдерді — Непалды, Үндістанды аралап, ол жақта көп уақыт өткіздім. Содан кейін өз Отанымды көруге қызығушылығым оянды. Алматыдан кейінгі бірінші қала — Талдықорған. Содан кейін Шығыс Қазақстан арқылы солтүстікке бет аламын. Қарағанды, Астана, Петропавл арқылы еліміздің батысына жол тартамын. Ол жақтағы ұлттық саябақтарды, тағы басқа көрікті жерлерін аралап, Алматыға кері қайтамын.

← Барлық жаңалықтар