Мазмұнға өту
· 16 қаралым

АҚШ пен Иран арасындағы соғыс аяқталды ма?

Иранды жермен-жексен етемін деп әлеуметтік желіде арыстанша ақырған Дональд Трамп тәубесіне келген сыңайлы. АҚШ басшысы Конгресске Тегеранмен соғыс аяқталғаны туралы есеп берді. Райынан қайтқан Ақ үй басшысы Ислам Республикасымен бітімге келуге дайын екенін мәлімдеді. Десе де, қазір Америка билігіне одақтас емес, қарсы елдер көбейіп жатыр. Мәселен, Трамп НАТО-мен араздасып қалуына байланысты Германиядағы 5 мың сарбазын бір жыл ішінде шығаратын болды. Сондай-ақ Италия мен Испания билігі де аумағында «жұлдызды» әскердің орналасқанын қаламайды. Жаһандағы осы және өзге де оқиғалар келесі топтамада.

СОҒЫС АЯҚТАЛДЫ

Жан-жағындағы елдерге қырғидай тиген Дональд Трамп Конгресске ресми хат жолдады. Онда Ақ үй басшысы Иранға қарсы соғыс қимылдарының ресми аяқталғанын жариялапты. Президенттің сөзінше, екі ел арасындағы белсенді қақтығыстар сәуір айының басынан бері тоқтап тұр. Алайда Тегеран тарапынан ықтимал қауіптердің алдын алу үшін АҚШ әскері Таяу Шығыста біраз уақытқа аялдайтын көрінеді. Сондай-ақ Америка әскери министрлігі Иран мен оның прокси-күштеріне қарсы тұру мақсатында жауынгерлердің аймақта орналасу тәртібін өзгертіп отырамыз дейді. Десе де, Трамп бұл әрекетке кездейсоқ барып отырған жоқ. Президент өзі де заңға бағынатынын аңғартқандай болды. Өйткені 1973 жылы қабылданған құжат бойынша АҚШ басшысы Конгрестің рұқсатынсыз шет мемлекеттердің аумағында қарулы күштерді 60 тәулік қана қолдана алады екен. Ал 79 жастағы саясаткердің Иранға қатысты әскери өкілеттілігі 1 мамырда аяқталды.

КЕМЕЛЕРДІ БОСАТУҒА КІРІСТІ. ИРАН

Ал Трамптың мәлімдемесінен соң Тегеран тарапы да іле-шала 14 тармақтан тұратын бітімгерлік жоспарын Ақ үй басшысына арадағы делдал елдер арқылы жеткізген екен. Құжатпен мұқият танысқан Дональд Трамп Иранның бастамасы көңілінен шықпағанын кесіп айтты. Бірақ АҚШ басшысы Ислам Республикасына қарсы әскери операция өте сәтті өткенін жеткізді. Енді Америка президенті Ормуз бұғазында қаңтарылып қалған кемелерге көмектесуге ниетті. Нақтырақ айтсақ, Дональд Трамп халықаралық сауда қатынасын ретке келтіру үшін одақтас елдердің танкерлерін діттеген жеріне дейін күзетпен жеткізуге мүдделі. Ал «Бостандық» деп аталатын арнайы операцияға 15 мың жауынгер мен ұшақтар жұмылдырылады. Халықаралық басылымдардың дерегінше, қазір Ормуз шығанағында кеме қатынасы толық тоқтап тұр.

ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ЖАБЫЛДЫ. АҚШ

АҚШ-та да компаниялар құрдымға кетуде. Иранға қарсы әскери операция басталып, авиаотын бағасы шарықтағаны сол-ақ еді, ірі лоукостер банкрот болды. Мұхиттың арғы бетіндегі әлемге әйгілі «Спирит Эйрлайнс» әуе компаниясы жабылып тынды. Әуе тасымалына жауапты мамандар 2 мамырдан бастап кеңселерін жауып, барлық рейстерді тоқтатты. Айта кету керек, бұл АҚШ-та қаржылық қиындықтарға байланысты құрдымға кеткен 25 жылдағы алғашқы әуе компаниясы екен. Ал лоукостер өкілдері мемлекеттен көмек сұрап, Трамптың әкімшілігіне хат та жолдапты. Бірақ бір мәмілеге келе алмаған. Енді билет алған жолаушылардың қаржысы толық қайтарылуы тиіс. Осылайша, соғыстың кесірінен бір мезетте 17 мың адам жұмыссыз қалды. Ал лоукостердің жабылуынан 60 мың жолаушы қиындықтарға тап болды. Бұл келеңсіз оқиға Америкада рейс тапшылығын туындатуы мүмкін.

АВТОБУС АУДАРЫЛДЫ. ТҮРКИЯ

Түркияда төтенше оқиға. Елдің Балыкесир қаласында жолаушыларға лық толы автобус аударылып қалды. Жол апатынан 3 адам қаза тауып, тағы 31 жолаушы дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Құзырлы органның дерегінше, жүргізуші тізгінге ие бола алмай, ауыр техника жол жиегіне шығып кеткен. Біраз адам темірге қысылып қалғандықтан, оқиға орнына құтқарушылар да шақырылыпты. Ал жедел жәрдем қызметкерлері аман қалған адамдарды жақын маңдағы емханаларға жеткізіп үлгерді. Дәрігерлер бір жолаушының жағдайын өте ауыр деп бағалады. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жүргізушіден жауап алынып жатыр.

← Барлық жаңалықтар