Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Талдықорған тұрғындары үшін жағымды жаңалық

Үкімет Талдықорғанды жылумен қамтамасыз етуге 5 млрд 700 миллион теңге бөлді. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл қаржы қаланың Оңтүстік-Батыс ауданындағы жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысын аяқтауға жұмсалады. Нәтижесінде «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарының тұрғындары алдағы қысты қалтырамай, қамсыз өткізеді.

ҚР ҮКІМЕТІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

Талдықорғанның қолданыстағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 10 қазандық және 179 шақырым жылу желілері кіреді. Оның жалпы қуаты – 400 Гкал/сағ. Облыс орталығы халқының жыл сайынғы өсуін және жылу жүктемесінің артуын ескере отырып, жылумен жабдықтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажет. Қолданыстағы қуаттарды түсіру және жылумен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін қалада қуаты 49 Гкал/сағ жаңа қазандық салынуда, жобаның құны – 11,1 млрд теңге. Қазіргі уақытта нысан құрылысының шамамен 60%-ға жуығы дайын. Жұмыстарды биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Бұған қоса, күзде Оңтүстік-Батыс ауданында жаңа жылу желілері іске қосылады. Бұлар соңғы жылдары салынған 120-дан астам көпқабатты үйді жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 20 мыңға жуық тұрғын мен 17 әлеуметтік нысанның жылу мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ бұл жоба қаланың ескі инфрақұрылымына түсетін салмақты азайтып, жылудың үзіліссіз берілуін қамтамасыз етпек.

← Барлық жаңалықтар